Ақтөбе облысында ауыл тұрғындары таза ауызсуға қол жеткізе алмай отыр
Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Белқопа ауылында ауызсу құбырын жүргізу жұмыстары бірнеше жылдан бері аяқталмай келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Белқопалықтардың таза ауызсуға қол жеткізе алмай отырғанына көп жыл болды. Ал осыдан екі жыл бұрын ауылда ауызсу құбырын жүргізу жұмыстары басталған. Өкінішке қарай, құрылыс жұмыстары әлі бітпеген.
Ауыл тұрғыны Бауыржан Төлеутаевтың айтуынша, екі жыл бұрын ауыл көшелеріне алматылық «Монолит» ЖШС су құбырын жүргізген. Алайда құбырларға су айдайтын қондырғыларды орнатпай, кетіп қалған.
Биыл екінші мердігер ұйым келіп, жұмыс істеп жатыр. Алайда бұлардың да жұмыстарын уақытында бітіретін түрі жоқ. Қазір ауыл халқы ауласынан қазып алған құдығынан, сондай-ақ ұңғымадан су ішіп отыр. Ал ол су санитарлық талапқа сай келмейді, — дейді ол.
Ауыл тұрғыны елді мекенге ауызсумен қатар интернет, Мәдениет үйі мен балабақша, сондай-ақ көшелерге асфальт төсеу керектігін айтады. Қазір мұнда 400-ге жуық адам тұрады.
Қазір балалар мектеп жанындағы шағын орталыққа барады. Онда 25 бала тәрбиеленуде. Өкінішке қарай, мектепте кабинеттер жетіспеген соң екі топты қосып жіберген. Сондай-ақ орталық балаларды түске дейін ғана қабылдайды, — дейді ол.
Әйтеке би аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Қанат Меңдіғараның айтуынша, қазір мұнда «МК Элит Строй Групп» ЖШС жұмыс істеп жатыр. Компания кабельдер мен трансформатор сатып алған. Енді оларды орнатып, желілерді жалғау керек.
Осы айда мердігер компания жұмысын аяқтамаса, келісімшартты бұзамыз. Бұған дейін мекемеге екі рет ескерту бердік, — дейді ол.
Айта кету керек, Әйтеке би ауданында Белқопадан бөлек, Аққұм, Ұлғайсын ауылдарында да таза ауызсу жоқ.