Ақтөбе облысында ауыл мектебі апатты жағдайда тұр

Ақтөбе облысы Мәртөк ауданына қарасты Кеңсахара ауылындағы орта мектеп ғимараты бүгінде апатты жағдайда тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кеңсахара орта мектебінің директоры Мұрат Үмбеталиннің айтуынша, білім ордасында бүгінде 118 бала оқиды. Бір қабатты мектеп ғимараты сонау кеңес заманы тұсында, нақтырақ айтсақ, 1967 жылы салынған. Осыған дейін оқу орнының ғимаратына бірнеше рет ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. 

Алайда қазір ғимараттың қабырғалары жарылып, құлап жатыр. Сондай-ақ мектеп төбесіндегі бетон оқушылар мен ұстаздардың өміріне қауіп төндіруде.

Біздің ауылымызға жаңа мектеп салу жобасы осыдан екі-үш жыл бұрын қолға алынған. Алайда әлі бюджеттен қаржы бөлінбей отыр. 2022 жылы жаңа ғимарат үшін жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалды, қазір сараптамадан өтіп жатыр. Дегенмен қаржы бөлінбеген соң әлі жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік болмай отыр. Тіпті, жаңа мектеп салынатын учаске де белгіленген. Аталған учаске аумағына газ да келіп тұр. Жобаға сәйкес, екі қабатты оқу ғимараты салынуы керек, — дейді мектеп басшысы Мұрат Үмбеталин.

Оның айтуынша, Мәртөк ауданына қарасты бұл елді мекен облыс орталығына жақын орналасқан. Сондықтан бұл ауылға көшіп келушілер көп. Қазір мұнда 124 түтін бар. Оларда 750 тұрғын тұрады. Жаңа мектеп салынса, оқушылардың сапалы білім мен тәрбие алынуына барлық жағдай жасалынбақ. Бала саны да артуы мүмкін.

Айта кету керек, апатты мектептің мәселесін жуырда өткен облыстық мәслихаттың кезекті он төртінші сессиясында мәслихат депутаты Бану Тілегенова көтерген еді.

Ол оқушылардың қауіпсіздігі үшін биыл мектеп құрылысын салып бастау керектігін айтты. Депутат, тіпті, жобаға қажет қаржыны бөліп-бөліп қарастыруды ұсынды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы