Ақтөбе облысында ауыл маңынан нәрестенің денесі табылды
Ақтөбе облысындағы Бадамша ауылының маңынан жаңа туған нәрестенің денесі табылды, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Кеше, 23 қазан күні, Ақтөбе облыстық Қарғалы аудандық полициясының кезекші бөліміне осы ауданның орталығы Бадамша ауылының маңындағы Рождество-Дөң тас жолының бойындағы қоқыс полигонынан шақалақтың денесі табылғандығы жайлы хабар келіп түскен. Белгілі болғандай, шақалақтың денесін әлдебіреу қоқыс салатын қара полиэтилен пакетке орап, полигонға тастап кеткен.
Аудандағы полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы дереу оқиға орнына барып, сәбидің денесін тексеру бойынша жұмыстарды бастап кетті. Қазір бұл хабарды естіген аудан тұрғындары жағасын ұстап отыр.
Қазір аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 100-бабы, нақтырақ айтсақ, «Жаңа туған нәрестені анасының өлтіруі” дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Мәйіті табылған шақалақтың анасын анықтау бойынша облыста жедел іздестіру жұмыстары жүріп жатыр, – дейді Ақтөбе облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хатшысы Ерболат Сарқұлов.
Бүгінде аталған Қарғалы ауданының орталығында 6 мың тұрғын тұрады. Бұл ауылда өзге ұлт өкілдері де көп.
Мұндай жағдай ауданымызда бірінші рет болып отыр. Алақандай ауылда сәбидің мәйіті табылды деген не сұмдық? Адамдар не боп барады? Бәріміз де бала-шаға өсіріп отырмыз. Мұндай оқиғаның ауылымыздың маңында болғаны өте өкінішті. Ішкі істер органдары тексеріп жатыр екен, мұндай жауыздыққа кімнің барғаны белгілі болатын шығар. Не де болса, өте өкінішті жағдай! Жастарымыз осындай қатыгездікке бармасын деп тілейміз, - дейді аудан тұрғыны Ботакөз Айтбай.
Айта кету керек, осыдан үш жыл бұрын дәл осы ауылда екі жігіт дүкенге шабуыл жасап, дүкеннің сатушысын отыз жерден пышақтап өлтірген. Кейін екі қылмыскердің үстінен пайдакүнемдік ниетпен кісі өлтіру және заңсыз есіркі затын пайдалану баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған еді.