Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы басталды

Биыл Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы басталды. Бұған дейін бұл жоба Жамбыл облысында сәтті жүзеге асырылған, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Қазір облыс аудандары осы жоба аясында ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында жұмыстанып жатыр.

Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Айбат Ербазиевтің айтуынша, бүгінге дейін пилоттық жобаға қатысушы округтерді анықтау бойынша скрининг жүргізілген. Нәтижесінде облыс бойынша 24 селолық округ пен 61 ауыл анықталған. 

Келер жылдан бастап жобаға қатысушыларға 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі. Кез келген ауыл тұрғыны жобаны жүзеге асыруда өз елді мекеніндегі кооперативтерге бірігіп, соның арқасында лизингке қажетті техникалар сатып ала алады. Жалпы «Ауыл аманаты» жобасының ауқымын кеңейту – Мемлекет басшысының тапсырмасы. Сондықтан бұған дейін Жамбыл облысында сәтті жүзеге асырылған бұл пилоттық жобаны екінші болып Ақтөбе облысы қолға алып отыр. Біз жобаны өз өңірімізде сәтті жүзеге асырсақ, онда халықтың табысы артып, олардың жеке қосалқы шаруашылықпен айналысуына мүмкіндік беріледі. Бұл дегеніміз шаруашылықпен айналысатын азаматтардың санын артуға үлкен серпін береді, — дейді ол.

Оның айтуынша, аталған жоба аясында ауыл тұрғындары елді мекендерде ауыл шаруашылғы саласы бойынша шағын бизнес ашуға, мал шаруашылығы (7 жылға дейін) мен өсімдік шаруашылығын (5 жылға дейін) дамытуға, үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалануға мүмкіндік алады. Оларға 2,5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беріледі, ал несие алу үшін ауыл азаматтары тұрғылықты жерінде заңдастырған жылжымайтын мүліктерін кепілдікке салады. 

Биыл бұл жобаны қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен 3 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр. Қаражат «Кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрінің 2022 жылғы 26 шілдедегі №314 бұйрығына сәйкес қарастырылды. Пилоттық жоба аясында ауыл-аймақтардағы атаулы әлеуметтік көмек алатындар, жұмыссыздар, өзін-өзі қамтушы тұрғындар саны азайып, сондай-ақ мал басы, ауыл тұрғындарының жылдық орташа табысы, еңбек өнімділігі, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі артатын болады. Сонымен қатар аудандарда өзіндік өндіріс есебінен азық-түлік қауіпсіздігімен қамтамасыз ету деңгейі жоғарылайды. Жалпы бұл — ауылды дамытуға арналған бірегей бағдарлама. Бағдарлама келер жылдан бастап Ақтөбе облысындағы барлық аудандардағы ауылдық округтерді түгел қамтитын болады, — дейді Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Айбат Ербазиев.

Бүгінде «Ауыл аманаты» жобасы бойынша Ақтөбе облысындағы бірқатар аудандарда жұмыс басталып та кетті. Мәселен, облыстағы Қарғалы ауданында 2023 жылы осы жобасы аясында жалпы құны 4,1 миллиард теңгелік 1500-ден астам жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар ауданда мал және егін, өсімдік шаруашылықтарын дамытуға, кооперативтерді жабдықтауға, шағын және орта кәсіпкерліктердің санын арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінде бұл ауданда 320-ға жуық адам атаулы әлеуметтік көмек алса, «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылған соң олардың саны бірнеше есеге азаймақ. Яғни, бағдарлама нәтижесінде ауыл тұрғындарының орташа табысы 140 мың теңгеге дейін артады.

Сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасына облыстағы Қобда ауданының 850-ден астам, Шалқар ауданының 500-ге жуық, Байғанин ауданының 2,3 мыңға жуық тұрғыны қатысатын болады. Олардың дені — ауылдағы қарапайым тұрғындар. 

Айта кету керек, «Ауыл аманаты» жобасын негізінде «AMANAT» партиясы мен  Үкімет бірлесе қолға алған болатын. Сонымен бұл жоба жоспарға сәйкес 2023-2025 жылдары еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылмақ. Ол үшін келер жылдан бастап мемлекет тарапынан бюджеттік несиелер бөлінеді. Бүгінде заңнамаға енгізілетін түзетулер пакеті әзірленіп, бұл бағыттағы жұмыстарды жүргізу тәртібі пысықталып жатыр

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы