Ақтөбе облысында ауру мал көмілген жерлер су астында қалған
Ақтөбе облысындағы үш ауданда сібір жарасымен ауырған мал көмінділерін су басқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Аталған көмінділер Мәртөк ауданының Сарыжар ауылында, Темір ауданының Қайыңды ауылында және Әйтеке би ауданының Жабасақ ауылында орналасқан.
Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасының басшысы Айбек Сембайдың айтуынша, ветеринариялық станция мамандары бұл жерлерден топырақ сынамаларын алып, «Республикалық ветеринариялық зертхана» РМК Ақтөбе облыстық филиалына жіберген. Нәтижесінде сынамалардан ауру қаупі анықталмаған, яғни, теріс нәтиже көрсетілген.
Қазір біз аталған ауылдарда аурудың алдын алу үшін төрт түлікке толықтай вакцина салдырып жатырмыз. Әзірге тасқын су астында қалған сібір жарасы көмінділерінің суы тартылған жоқ. Облыс аумағындағы типтік мал қорымдарына зақым келмеді. Бүгінде төтенше жағдай жарияланған аудандарда эпизоотиялық ахуал тұрақты, - дейді Сембай.
Оның айтуынша, қазіргі таңда облыста су тасқыны кезінде өлген мал өлекселерін жою, өртеу жұмыстары жалғасуда. Мәселен, бүгінге дейін 3232 бас мал инсениратор арқылы өртеліп, утилизация жасалынған. Қазір мал өлген жерлерге дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бүгінде дезинфекциялау жұмыстары жүргізілген жер аумағы 102 138 шаршы метрге жетті. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыратын боламыз. Ақтөбе облысында көктемгі су тасқыны кезінде 210 жылқы, 662 мүйізді ірі қара, 2358 ұсақ мал, екі шошқа су астында қалған. Өлген малдың дені Ойыл ауданында тіркелді. Қазір жауапты басқармалар мал шығынын анықтау бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр, - дейді ол.
Айта кету керек, биылғы су тасқыны кезінде облыста жалпы саны 20 мыңнан астам мал құтқарылды.