Ақтөбе облысында әлі күнге дейін шегірткеге қарсы улау жүргізіліп жатыр

Ақтөбе облысында жаз ортасынан асса да әлі күнге дейін шегірткеге қарсы улау жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Өткен аптада Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Дархан Әбдікәрімов жедел штабтың кезекті отырысында Ақтөбе және Қостанай облыстарында шегірткеге қарсы химиялық өңдеу алаңдары ұлғайтылатынын айтты.

Ол өңірлердегі жағдай әлі де күрделі екенін алға тартып, қос облысқа көрші Ресей елінің аумағынан шегірткелер ұшып келу қаупі бар екенін жеткізді. Қос өңірге қосымша техникаларды нығайту туралы тапсырма берді.

Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясының өсімдік қорғау бөлімінің бас маманы Арыстан Жакибаевтың айтуынша, бүгінде өңірде үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жалғасып жатыр. Облыста 679 143 гектар жерге улау жұмыстары жүргізілген.

— Биылғы жылға болжанған жер көлемі 784 398 гектар болса, оның ішінде 777 198 гектары италиялық, 7200 гектар алқап азиялық шегіркеге қарсы өңделеді. Бүгінге дейін облыстың 6 ауданында, атап айтсақ, Алға, Мұғалжар, Хромтау, Әйтеке би, Қарғалы, Мәртөк аудандарында улау жұмыстары жалғасуда. 36 жер үсті желдеткіш бүріккіші, 17 аэрозолды генератор, 7 ұшақ химиялық улау жұмыстарына жұмылдырылуда. Бұл бағыттағы жұмыстарға 270-тен астам анықталушы, 7 мердігер мекеме тартылды. Қазір жағдай тұрақты, — дейді Арыстан Жакибаев.

Шегірткенің көзін құртпаса, ол шөпті ғана емес, егіс алқаптарын түгелімен жеп қояды. Қазір шаруалар шегірткеге қарсы улау жұмыстарының тиянақты әрі нәтижелі жүргізілуін талап етіп отыр. Себебі соңғы кезде шегірткелер далалық жерлерде ғана емес, қала аумағында да көбейіп кеткен.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы