Ақтөбе облысында 8 адам суға кетіп, көз жұмды

Ақтөбе облысында тағы бір жасөспірім суға кетіп, көз жұмды, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Белгілі болғандай, әлгі жасөспірім Елек өзеніне суға түскен. Құтқару тобы 15 жастағы қыздың денесін өзеннің жағасынан 50 метр қашықтықта, 3 метр тереңдіктен алып шыққан. Құтқару тобы мамандарының айтуынша, қыз бала суға түсуге болмайтын аумаққа барып, шомылған.

13 маусымда біздің департаментке жасөспірім қыздың суға кетіп қалғаны жайлы ақпарат келіп түсті. Оқиға орнына барған кезде жасөспірім белгіленбеген жерге суға түскені белгілі болды. Қыз баланың денесі 3 метр тереңдіктен жағаға жеткізілді. Өкінішке қарай, биыл жыл басынан бері осымен 8 адам суға кетіп отыр. Оның бесеуі — кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер, — дейді Ақтөбе қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Айбат Жаңабергенов.

Оның айтуынша, суға шомылу маусымы бастағалы бері тұрғындардың дені қауіпсіздік ережелерін сақтамай отыр. Атап айтсақ, кейбір адамдар суға мас күйінде түссе, бірқатары рұқсат етілмеген жерге шомылуда. Ал жүзу білмейтін, суға шомылудың тәртібін сақтамаған жасөспірімдер ойламаған жерден суға кетіп қалып, қаншама ата-ана қан жұтып отыр.

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Иса Байтұрсыновтың айтуынша, биыл облыстағы су айдындарында адам өлімінің алдын алу бойынша арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында шаралар ұйымдастырылуда. Соның шеңберінде биыл жаз айы басталғалы бері өңірде 203 жерге суға түсуге тыйым салу белгілері орнатылған. Өкінішке қарай, бұған қарамастан соңғы бір ай көлемінде бірнеше жасөспірім суға кетіп, көз жұмған.

Суға шомылу маусымы басталмастан бұрын облыс, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдіктерінен, жеке жағажай иелерінен 70-тен астам өтініш т.скен болатын. Соның аясында департамент мамандары тексеру жұмыстарын жүргізді. Атап айтсақ, 70-тен астам өтініштің 63-і орындалды. Бұл — 60-тан астам суға түсуге арналған орын тексерістен өтті деген сөз. 1 маусымнан бастап облыс бойынша 64 орынға суға түсуге рұқсат берілсе, жетеуіне рұқсат берілген жоқ, — дейді ол.

Офицердің айтуынша, биыл Ақтөбе облысында жалпы саны 66 жағажайға жұмыс жасауға рұқсат берілген. Оның екеуі — аквопарк. 66 жағажайдың 19-ы қала аумағында орналасса, 47-і — облыс аудандарындағы су айдындары.

66 жағажайдың 22-сі коммерциялық болса, 44-і — коммуналдық. Осы аталған жағажайларда бүгінде құтқару топтары жұмыс жасайды. Биыл жыл асынан бері департаментке қарасты 41 құтқарушы арнайы курстан өтіп, оқытылды. Сондай-ақ департамент басшылығы Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасымен, Ақтөбе облысының білім басқармасымен бірлесіп балаларды суда жүзуге үйрету мақсатында түрлі оқыту курстарын өткізді. Соның нәтижесінде облыс бойынша 1200-ден астам бала суда жүзуді үйренді. Бұл да балаларды суға кетіп қалудан сақтандыруға бағытталған шаралардың бір бағыты, — дейді ол

Биыл Ақтөбе облысы бойынша әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан 500-ге жуық бала тегін бассейнде жүзуді үйренбек. Оларға аталған басқармалар тарапынан жеңілдіктер жасалып отыр. Сондай-ақ қазір бірқатар мектеп оқушылары да ақылы түрде бассейндерге жазылып, жүзуді үйреніп жүр. Мәселен, 7-сынып оқушысы Сырым Мәдібек биыл «Мәулен» бассейніне барып, өз бетімен жүзуді үйреніп жүр.

Оның айтуынша, жүзуді үйренсең, жағажайлар мен бассейндерге емін-еркін түсіп, жүзе аласың.

Жүзуді білмеген соң, суға шомылуға қорқатын едім. Міне, екі-үш аптадан бері суға жүзуді үйреніп жатырмын. Еш қиын емес. Ең бастысы, бойыңдағы қорқыныш пен күмәнді жеңу керек. Бұрын қатарластарыммен жағажайларға барғанда суға түсе алмай, ұялатынмын, қорқатынмын. Енді міне, биылғы жазғы демалысымды пайдалы дүниеге жұмсап жатырмын. Есесіне жағажайларда еркін жүзетін боламын. Мен үшін қауіпсіздік бірінші орында тұрады. Сондықтан тек ата-анамның рұқсатымен ғана суға шомыламын. Әйтпесе, қазір суға кетіп, көз жұмып жатқан мен сияқты қыздар мен ұлдар көп, — дейді Сырым.

Атына заты сай батыл, ақылды әрі ұқыпты жас алдағы уақытта жүзумен қатар, ағылшын тілін меңгеруді де мақсат етіп отыр. Осылайша ол жазғы демалысын білімін жетілдіруге жұмсамақ. Айта кету керек, Сырым — отбасындағы екі ұлдың кішісі. Ол жуырда отбасымен бірге Бурабайға барып, демалуды жоспарлап отыр.

Қазір көп адам Түркия, Египет, Грузия сияқты шет елдерге баруды әдетке айналдырған. Меніңше, өз елім, өз жерімнен асқан керемет, көрікті жер жоқ. Мен шет елдерге баруға қызықпаймын. Былтыр Алматыны араласам, биыл Бурабайға барамын, — дейді Сырым.

Өткен айда Ақтөбе облысына қарасты Ырғыз ауданында екі мектеп оқушысы балық аулауға барып, суға батып кетті. Үйдегі ата-аналарына ескертпей кеткен 6-сынып оқушылары осылайша ойламаған жерден ажал құшты. Олардың ата-аналары мен туыстары әлі күнге дейін бұл қайғылы оқиғаға сенбейді.

27 мамырда Ақтөбе облысы Ырғыз ауданына қарасты Құрылыс ауылында 6-сыныпта оқитын 2 бала жырадан суға құлап, батып кетті. Олардың денесі жағадан 6 метр қашықтықта, тереңдігі 5 метр жерден шығарылды. Өткен жылы да осындай қайғылы оқиғалар болып, облыстың су айдындарында 19 адам көз жұмды. Оның 9-ы — балалар. Ал 2021 жылы суға шомылу маусымы кезінде облыстың 23 тұрғыны суға кетіп, көз жұмды. Оның ішінде 4-еуі бала болатын. Жалпы соңғы жылдары суға кетіп жатқан жасөспірімдер мен балалардың саны көбейіп барады. Бұған басты себеп — ата-аналардың жауапсыздығы мен суға шомылу кезінде балалардың қауіпсіздік шараларын сақтамауы. Соның салдарынан қаншама отбасы қан жұтып, бауыр еті балаларынан айырылып жатыр. Бұл да қазір өңірдегі бір үлкен проблема болып отыр, — дейді Иса Байтұрсынов.

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, суға шомылу маусымы басталғалы бері облыста құтқарушылардың көмегімен 13 адам (оның үшеуі — бала) құтқарылған. Ал жыл басынан бері республикамыздағы су айдындарында жүзден астам адам суға кетіп қалған. Оның 40-тан астамы — бала.

Біз осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін жыл басынан бері облыс бойынша 94 рейдтік шаралар өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Осы шаралар аясында жалпы саны бес мыңға жуық адам қамтылды. Сондай-ақ қазір облыстағы су айдындарына өрт-сөндіру және авариялық құтқару қызметінен 205 адам мен 25 жүзу құралы, 20 техника, жергілікті полиция қызметінен 135 адам мен 65 техника жұмылдырылып отыр. Ал Ақтөбе қаласындағы 3 суда құтқару станцияларында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Станцияларда жалпы саны 70-ке жуық жедел-құтқару жасағының қызметкері жұмыс жасауда, — дейді азаматтық қорғаныс басқармасының өкілі.

Айта кету керек, былтыр суға шомылу маусымы кезінде жауапты органдардың мамандары 6750 рейд жүргізіп, заң бұзған, құқық бұзушылық жасаған 1400-ге жуық тұрғынды әкімшілік жауапкершілікке тартқан болатын. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы