Ақтөбе облысында 7 айда 343 өрт оқиғасы тіркелді

Ақтөбе облысында жыл басынан бері 343 өрт оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Нұрхат Қалдыбаевтың айтуынша, былтыр өңірде 371 өрт оқиғасы болған. Салдарынан 9 адам көз жұмып, 99 адам әр түрлі жарақат алған. Ал шығын көлемі 221 млн 188 мың теңгеге жеткен.

Биыл жыл басынан бері Ақтөбе облысының аумағында 343 өрт тіркеліп, салдарынан 10 адам қаза тапты. 7 адам жарақат алды. Ал материалдық шығын көлемі — 195 млн 522 мың теңге. Биыл 15 тамыздан бастап департамент облыстағы халықты әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау органдары, үкіметтік емес және волонтерлік ұйымдар, ерікті өртке қарсы жасақтардың қатысуымен тәуекел тобындағы адамдардың тұрғылықты жерлеріне рейд жүргізіп жатыр. Жүргізілген талдауларға сәйкес, бүгінде облыста өрт көп болатын аумақ — тұрғын үй секторлары, — дейді ол.

Нұрхат Қалдыбаевтың айтуынша, биыл тұрғын үй секторларында 185 өрт оқиғасы тіркелген. Сондай-ақ 116 көлік құралы өртенсе, балалардың қатысуымен 22 өрт оқиғасы болған.

Биыл біз өткен жылдардың тәжірибесін ескере отырып, жылыту маусымында тұрғын үй секторларындағы жоспарлы профилактикалық іс-шараларды 14 шілдеде бастадық. Жыл басынан бері әкімдіктермен бірлесіп, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үйлердің тізімдері түзетіліп, 6414 тұрғын үй тіркелді. Биыл Ақтөбе облысының әкімі 2024-2025 жылдарға жылу беру кезеңінде тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Осыған орай қазір коммуналдық қызмет көрсететін мекемелер өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша шаралар өткізуде, — дейді Қалдыбаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ТЖМ баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы