Ақтөбе облысында 606,2 мың тонна бидай жиналды

Өнімділік былтырғы жылмен салыстырғанда гектарына 3,9 центнерге артық. Өңірде дәнді дақылдарды жинау науқаны аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың қатысуымен өткен аппарат мәжілісі барысында егін жинау науқанының қорытындылары мен күздік дақылдарды егу жоспарлары қаралды.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайдың мәліметінше, егіннің бітік шығуына қолайлы ауа райы әсер еткен. Дәнді дақыл егілген 429,7 мың га алқаптан 14,1 центнер орташа өнімділікпен 606,2 мың тонна өнім алынды. 2023 жылғы орташа өнімділік 10,2 ц/га құраған еді, жиналған өнім сол кезде 421,5 мың тонна болды. Қазіргі уақытта элеваторларда сақтаулы тұрған 168,3 мың тонна астыққа жаңа өнімнен 141,7 мың тонна қосылды.

Вегетациялық ерекшелігіне байланысты майлы дақылдарды және көкөністерді жинау жұмыстары жалғасуда. Қазірдің өзінде 61,8 мың тонна – картоп, 37,8 мың тонна – майлы дақыл, 43,4 мың тонна – көкөніс жиналды.

Жергілікті шаруалар дәнді дақылдарды жинай сала, егістік алқаптарына соқа салу, күздік дақылдарды егу және тұқым жинауға кірісіп кетті. 2025 жылғы егін науқанына 174,5 мың га сүр және 115,3 мың сүдігер әзірлеу, 41,6 мың тонна дәнді дақыл тұқымын дайындау жоспарлануда.

Баяндаманы тыңдаған облыс әкімі күзгі дала жұмыстарын жүргізу және тұқым жинау жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды. Биылғы жылы егін жақсы жиналды. «Қыстың қамын жаз ойла» дегендей, келесі егін егу науқанына дайындықты осы бастан жүргізу қажет. Қала және аудан әкімдері бұл процесті бақылап, тұқым материалының жоғары сапасын қамтамасыз ету үшін әрбір шаруашылықпен тиісті жұмыс атқаруы керек. Неғұрлым ерте бастасақ, соғұрлым жоғары өнім алу мүмкіндігі бар, - деп тапсырды өңір басшысы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы