Ақтөбе облысында 22,8 мың адам жұмыссыз жүр
Оның 6,6 мыңы - ауылдық жерде тұратын азаматтар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облыстық статистика департаментінің 1 тамыздағы есебі бойынша бүгінде өңірде 936,8 мың адам тұрады. Оның ішінде облыс орталығында тұратындардың саны — 700,8 мың.
Бүгінде Ақтөбе облысындағы жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызға жетіп отыр. Бұл республикалық көрсеткішпен тең. Облыстағы жұмыссыздар саны 22,8 мың адам болса, соның 6,6 мыңы — ауыл тұрғындары. Ал өңірдегі 15-35 жас аралығындағы жастардың жұмыссыздық деңгейі – 2,1 пайыз. Облыста 3642 жас жұмыссыз жүр.
Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Бисенғалиеваның айтуынша, биыл 8 айдың ішінде облыста 37 579 адам жұмыспен қамтылған. Мәселен, 8 мыңға жуық адам «Бастау Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздерін оқыса, 8300-ге жуық адам «Электрондық еңбек биржасы» порталы арқылы еңбек нарығындағы сұранысқа ие жұмысқа орналасқан.
Жыл басынан бері өңірімізде 10 мыңнан астам адам бос жұмыс орындарына орналастырылса, 1526 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді. Жалпы, биыл жыл аяғына дейін облыс бойынша 27 851 адамды бос жұмыс орындарына еңбекке тарту жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, 8 айдың ішінде жастар тәжірибесіне — 1233, қоғамдық жұмыстарға — 5469, алғашқы жұмыс орындарына — 177, қысқа мерзімді оқытуға — 715, «Күміс жас» жобасы бойынша — 1253, «Ұрпақтар келісім шарты» жобасымен 62 адам еңбекке орналастырылды, — дейді Б.Бисенғалиева.
Оның айтуынша, биыл Ақтөбе облысында 8 айда 100-ге жуық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Оған жалпы саны 3800-ге жуық адам қатысқан. Нәтижесінде 1372 адам жұмыс тапқан.