Ақтөбе облысында 21 судьяның орны бос тұр

Бүгінде Ақтөбе облысында 21 судьяның орны бос тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Айжамал Сүндетованың айтуынша, Ақтөбе облысындағы судьялардың жалпы штаты — 129 адам. Алайда қазір бұл салада 108 судья еңбек етіп жатыр, 21 бос орын бар.

Биыл жыл басынан бері облыс соттарында үкім шығарумен 622 тұлғаға қатысты 576 қылмыстық іс қаралды. Үш азамат ақталды. Ал сот қызметкерлері арасында заң бұзушылыққа келсек, өткен жылы және биыл ешқандай құқық бұзушылық болған жоқ.

Өкінішке қарай, қазір облыста ажырасу деректері көбейіп отыр. Мәселен, былтыр некені бұзу туралы соттарға 3873 арыз түскен. Оның ішінде 2721 іс аяқталып, 1726 неке бұзылды. 165 отбасы татуласып, ерлі-зайыптылар арасындағы неке сақталды. Облыс бойынша ең көп некені бұзу туралы арыздар Ақтөбе қалалық соттарына, сондай-ақ Мұғалжар (175), Хромтау (192), Алға (144) және Шалқар (109) аудандық соттарына түскен. Ал биыл облыс соттарына некені бұзу туралы 2063 арыз түсіп отыр. Оның ішінде 1255 іс аяқталып, 758 неке бұзылды. 36 іс бойынша өндіріс тоқтатылып, 33 тұлға талабынан бас тартты, — дейді Айжамал Сүндетова.

Бүгінде облыста алаяқтық деректері көптеп тіркелуде. Мәселен, жуырда бір алаяқ танысына бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы ақша қаражаттарын алып беретінін айтып, әлгі тұрғынды алдап кеткен. Тіпті, аталған алаяқ 17 эпизод бойынша жәбірленушілерге 9 млн теңгеден астам шығын келтірген. Жақында сот үкімімен қылмыскер 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. 

Айта кету керек, бүгін елімізде судьялар мен сот қызметкерлерінің күні атап өтілуде. Бұл атаулы дата 1992 жылы 24 маусымда арнайы қабылданған заңға байланысты бекітілген. Бұл мереке 2022 жылдан бері атап өтіліп келеді. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив
Өзгелердің жаңалығы