Ақтөбе облысында 1990 жылдан бері жолы жөндеу көрмеген ауыл бар

Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Жабасақ ауылдық округіне апаратын жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілмегеніне 35 жыл болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Осы ауданнан сайланған облыстық мәслихат депутаты Дәурен Молдашевтің айтуынша, Жабасақ ауылдық округі құрамында 3 ауыл бар. Мұнда мыңға жуық адам тұрады.

Жабасақ ауылдық округі республикалық маңызы бар “Қарабұтақ-Қостанай” автомобиль жолынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан. “Светлый-Құмқұдық-Жабасақ-Байжанкөл” аталатын бұл жолға орташа жөндеу жұмыстары 1990 жылы жүргізілген. Қазір бұл жолдың сапасы өте нашар. Кейбір жерде тіпті жол жоқ. Ауыл тұрғындары көктем-күз айларында балшық кешуге мәжбүр. Бұл жол үш бөліктен тұрады, оны жөндеуге жалпы құны 3 млрд теңге қаржы керек, - дейді ол.

Әйтеке би аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұрдәулет Смағұловтың айтуынша, “Светлый-Құмқұдық-Жабасақ-Байжанкөл” автожолының ұзындығы — 86,31 шақырым. IV санаттағы облыстық маңызы бар автомобиль жолының 47-60 шақырымдық учаскесін орташа жөндеу үшін бүгінде құжаттамалары дайындалған. Алайда әлі күнге дейін бұл жобаға қаржы бөлінбей келеді.

Орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілсе, бұл жолдың 13 шақырымы сапалы жолды қамтиды. Сондай-ақ жақын маңдағы елді мекендерге халық қауіпсіз қатынайтын болады. Бұл жөндеу облыстағы қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесін 2,4%-ға жақсартады. Осыған орай жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 1 млрд 316 млн теңге қаражат бөлуді сұрап отырмыз. Алайда сұранысымыз орындала ма, жоқ па, ол жағы белгісіз, - дейді бөлім басшысы.

Оның айтуынша, 1970 жылдары салынған тас жолға 2019 жылы қиыршық тас төселген. Одан бөлек жөндеу жүргізілмеген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ архив
Өзгелердің жаңалығы