Ақтөбе облысында 186 жол жобасын іске асыруға 68 миллиард теңге бөлінді
Ақтөбе облысында инфрақұрылымдық жобалар қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Олардың басты мақсаты – транспорттық қолжетімділікті арттыру және тұрғындардың өмір сапасын жақсарту, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы өңір басшысы Асхат Шахаров Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында айтты.
Артықшылыққа ие географиялық орнының арқасында облыс жоғары транзиттік әлеуетке ие. Сол себепті жол сапасы мен көлік желісін дамыту әрдайым тұрғындар мен билік назарында, – деп атап өтті әкім.
2025 жылы автокөлік жолдары саласын дамытуға 68 миллиард теңге бөлінді. Жыл соңына дейін нормативтік жағдайда орналасқан жергілікті жолдардың үлесі 78%-дан 82%-ға дейін артпақ.
Сонымен қатар, халықаралық «Самара–Шымкент» автожолының «Ақтөбе–Ұлғайсын» учаскесінде ұзындығы 262 км болатын қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Атап айтқанда, биыл «Ақтөбе–Хромтау» учаскесі (28 км) жаңартылып, жаңа көпір салынды. Нәтижесінде 791–819 км аралығындағы учаскеде төрт жолақтың екеуінде қозғалыс ашылды. Қалған 234 км жолда құрылыс-жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Сонымен қатар, Орталық-Батыс көлік дәлізінің құрамына кіретін «Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Иргиз» республикалық трассасының жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. 110 км жол пайдалануға берілді.
Қауіпсіз жолдар – тек көлік артериясы ғана емес, сонымен қатар экономикалық өсудің, қозғалыс ыңғайлылығының және тұрғындардың қауіпсіздігінің факторы, – деді Асхат Шахаров.