Ақтөбе облысында 15 мың жас баспана кезегінде тұр

Биыл Ақтөбе облысында жастар саясаты мәселелері басқармасы қайта құрылды. Өңір жастарының бастамаларын қолдайтын, олардың шығармашылық, рухани және физикалық мүмкіншіліктерін дамытатын басқарма қазір жұмысын қайта жандандырып жатыр. Біз аталған басқарма басшысы Мирхан Ермағанбетовтен облыстағы өзекті мәселелер мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы сұраған едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

— Биыл облыста жастар саясаты мәселелері басқармасы қайта құрылды. Қазір басқарма тарапынан өңір жастарымен қандай жұмыстар жүргізілуде? Іс-шаралар өткізіліп жатыр ма?

— Облыс әкімінің қолдауымен Ақтөбе облысы әкімдігінің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы №373 қаулысына сәйкес Ақтөбе облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы қайта құрылды. Қазіргі таңда басқармаға қарасты 14 жастар ресурстық орталық жұмыс істейді. Оның ішінде біреуі — облыстық, біреуі — қалалық, 12-сі — аудандық. Жалпы, жастармен тікелей жұмыс жасайтын мамандар саны — 107.

Жыл басынан бері жастар ресурстық орталықтарына түрлі сұрақтар бойынша барлығы 6144 жас жүгінген. Атап айтсақ, психологиялық бағытта — 698, әлеуметтік сауалдар бойынша – 5175, заңгерлік кеңес бойынша 271 жас өз сауалдары мен өтініштерін білдірген. Сондай-ақ 9 айдың ішінде облысымызда жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 202 шара өткізіліп, жалпы саны 10 415 жас қамтылды.

— Бүгінде облысымызда қанша жас бар? Оларды баспанамен және жұмыспен қамту бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

— Қазіргі таңда өңірде 14 пен 35 жас аралығындағы жастар саны — 266 835. Бұл жалпы облыс тұрғындарының 28,2 пайызы. Оның ішінде қала жастарының саны 162 223 болса, ауыл жастарының саны – 104 612.

Биыл 1 қазандағы мәліметтерге сүйенсек, облыста барлығы 18 524 жас жұмыспен қамтылды. Атап айтсақ, бос жұмыс орындарына — 7 658, жастар тәжірибесіне — 1787, әлеуметтік жұмыс орындарына — 619, уақытша сипаттағы қоғамдық жұмыс орындарына — 2013, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша — 206, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша 83 жас жұмысқа орналасты. Сондай-ақ «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 3098 жас оқытылып, оның 220-сы жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болды. Биылғы жылдың ІІ тоқсанының қорытындысы бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,1 пайызға жетті. Ал бүгінде облыстағы 16 жастан 35 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар саны — 3642. NEET санатындағы жастардың үлесі 6,2 пайызды көрсетіп отыр. Қазір басқарма тарапынан жастарды еңбекпен қамту бойынша қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Жастарды тұрғын үймен қамту мәселесіне келсек, биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша тұрғын үй кезегіндегі жастар саны 15 мыңнан асады. Облыста өткен жылдан бастап «Ақтөбе жастары» тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Былтыр осы жоба аясында облыста 42 жас отбасы баспанамен қамтамасыз етілса, биыл осы тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 500 миллион теңге, «Отбасы банк» акционерлік қоғамы арқылы 500 миллион теңге қаржы бөлінді. Биыл шамамен 100-ге тарта жас отбасы баспаналы болады деген жоспарымыз бар.

— Жуырда «Ақтөбе жастары» тұрғын үй бағдарламасы бойынша үміткерлердің іріктелгенін білеміз. Бағдарламаға қанша жас қатысты? Іріктеу қалай өтті?

— Биылғы жылдың 12-26 тамыз аралығында «Ақтөбе жастары» тұрғын үй бағдарламасына қатысуға құжаттар қабылданды. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында өтініш иелері құжаттарын электронды форматта https://eaqtobe.kz/ платформасы арқылы жолдады.

Келіп түскен 1834 өтінімнің ішінде 1226 өтінімге теріс шешім берілді. Себебі құжаттар толық емес немесе бағдарлама шарттарына сәйкес келмейді. Ал 608 өтінімге іріктеу комиссиясымен бағалау жүргізілді. Оның ішінде 1-70-үміткер – негізгі тізімге, 71-168- үміткер қосалқы тізімге енгізілді. Айтып өтерлігі, негізгі тізімге енген үміткерлердің кейбірі төлем қабілеттілігін растай алмаса, қосалқы тізімдегі өтініш берушіге мүмкіндік беріледі. Комиссия отырыстары ашықтық, айқындық қағидаттарын берік ұстанды. Онлайн-трансляция режимінде өткен отырыстардың барлық жазбалары Instagram әлеуметтік желісінде Jasaqtobe ресми аккаунтында сақталды.

Қатысушылардың өтініші келесідей өлшемшарттар бойынша бағаланды: бірінші балаға 3 және келесі әр балаға 1 баллдан, әр жылғы еңбек өтіліміне – 0,5 балл, халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына жататын азаматтарға — 3 балл, өңірдің ауылдық елді мекендеріндегі соңғы 3 жылда үздіксіз еңбек өтілімі – 3 балл, аудан орталықтарында, шағын қалаларда, ауылдарда және кенттерде тұрғын үй сатып алу жағдайында 5 баллдан берілді. Бағдарлама 35 жасқа дейінгі жастарға жеңілдікпен баспаналы болуға мүмкіндік береді. Ерекшелігі сол, жұмыс істейтін аудан және ауыл жастарына басымдық берілді. Сонымен қоса, өтініш берушінің сатып алатын баспанасы бастапқы және қайталама нарығынан, жұмыс орны орналасқан әкімшілік бөлініс аумағында болуы тиіс. Мәселен, жұмыс орны Хромтау ауданы Дөң ауылында орналасқан болса, тұрғын үйді аудан орталығынан немесе ауданның басқа ауылынан сатып алуға құқылы.

Мемлекет басшысы елімізде еріктілер қатарын көбейту керектігін айтып келеді. Бұл орайда облыстағы ахуал қандай? Еріктілер саны көбейіп келе ме? Биылғы су тасқыны кезінде еңбек еткен үздік топтар бар ма?

Жастар саясатының негізгі бағыттарының бірі – жастар ортасында волонтерлік қызметті дамыту және қолдау. Бұл бағытта Ақтөбе облысында волонтерлер базасы жасақталып, өткен жылдың басында құрамында 1500-ден астам волонтері бар 94 топ қызмет етсе, қазір құрамында 5000-нан астам волонтері бар 164 волонтерлік топ бар. Олардың барлығы «QazVolunteer.kz» волонтерлердің біріңғай платформасында тіркеуден өткен.

Өңірімізде енгізілген төтенше жағдайларға байланысты көмек көрсетіп жатқан Ақтөбе жастарының жұмысын орталықтандыру мақсатында волонтерлік топтардың ұсынысымен облыстық волонтерлік штаб құрылды. Сондай-ақ еріктілер WhatsApp желісінде бірнеше топтарға бөлінді. Мәселен, биылғы су тасқыны кезінде бір күннің ішінде 3500-ден астам ерікті жиналып, төтенше жағдай аяқталғанша 8600-ден астам ерікті бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыс істеді. Бұл жерде ерікті түрде көмек көрсеткен жандардың еңбегі орасан зор. Төтенше жағдай кезінде өңірге 279,2 тонна азық-түлік, 265 тоннадан астам киім-кешек, гигиеналық заттар гуманитарлық көмек ретінде өңірдің тұрғындарынан және Түркістан, Атырау, Астана, Қызылорда, Жамбыл, Шымкент қаласынан, Шардара ауылынан, тіпті көрші Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен келді.

Ал біздің облыстан Батыс Қазақстан облысына 10 тоннадан астам гуманитарлық көмек (азық-түлік) жіберілді. Бұл бағыттағы жұмыстарға қол көмегін ұсынушы біздің қарапайым жастар болды. Сондай-ақ еріктілер тобындағы жастар мен студенттеріміз де бар.

Тасқын кезінде жергілікті кәсіпкерлер эвакопункттердегі 200 адамға тегін монша қызметтерін ұсынса, «Автоволонтер» тобының белсенділері моншаға адамдарды тегін тасымалдауды ұйымдастырды. Сондай-ақ, Ұлттық волонтерлер желісі, «Асар үме» тобы, «Жастар рухы» жастар ұйымының рухтастары, «Аңсар», «Дәулеттен қоры» еріктілер қозғалысы, блогерлер су тасқынынан зардап шеккен Ойыл, Қобда ауданының тұрғындары үшін азық-түлік пен киім-кешек жеткізді. «Ларгус Ақтөбе», «Альфард Ақтөбе» еріктілер тобы табиғи апат салдарынан зардап шеккен Ақтөбе қаласы мен Ойыл ауданының тұрғындары үшін тегін жол жүруді ұйымдастырса, «Ақтөбе-Камаз» еріктілер қозғалысының мүшелері оларға ауыр жүк көлігімен 100-ге жуық тегін құм тасу жұмыстарын жүргізді.

Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер арасында ер азаматтар жұмыстан бос уақытында бөгеттер салуға көмектесіп, мұқтаж жандарға азық-түлік, киім-кешек алып берді.

Айта кететін жайт, еріктілер арнайы марапат үшін жұмыс жасаған жоқ, дегенмен ерікті жастарды ынталандыру, оларға алғыс білдіру мақсатында жанашыр жастарға облыс әкімінің, қала әкімінің, аудан әкімдері атынан арнайы Алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар, Ұлттық волонтерлер желісі төрағасының атынан арнайы Алғыс хаттармен және «Күшіміз — бірлікте» төсбелгісімен, ҚР Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының «Еңбек озаты» төсбелгісімен марапатталған жастарымыз да жетерлік.

— Биыл облыста еңбекпен қамтуда, жастарды кәсіпкерлікке баулуда қандай жобалар іске асырылуда? Грант алған жастардың үлесі қандай?

— Жастардың бос уақытын тиімді өткізіп, уақытша еңбекпен қамтудағы жобалардың бірі — «Жасыл ел» бағдарламасы. Бұл бағдарлама аясында бүгінгі күні еңбек маусымында 2018 жас уақытша маусымдық жұмыспен қамтылды.

Сондай-ақ ауылдық жерлерді жас мамандармен қамтуда «Дипломмен — ауылға!» жобасы жүзеге асырылуда. Мәселен, осы жоба аясында өңірде 128 маман тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие алса, 451 маман біржолғы көтерме жәрдемақы алды.

Екі жыл қатарынан «ZHAS PROJECT» жобасы жүзеге асырылып, 14 жас өзінің әлеуметтік жобасын іске асыруға 1 миллион теңгеге дейін шағын грант алды.

Сондай-ақ, 2023 жылы «Білім және ғылым», «мәдениет және өнер», «бизнес және кәсіп», «медиа», «ақпараттық технологиялар» және «волонтерлік» салаларындағы жастар бастамаларын қолдауға бағытталған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты жобасы жүзеге асырылды. Жобаны жүзеге асыруға бюджеттен 9 миллион теңге бөлінді. Жоба арқылы 300 мың теңге көлемінде 30 ауыл жасына қайтарымсыз грант берілді. Ал биыл Тәуелсіздік күні қарсаңында 5 бағыт бойынша әр жасқа 3 миллион теңгеден 10 грант табыстау жоспарлануда. Сонымен қатар жоғары оқу орындары мен колледждердің 100-ге жуық студентіне де атаулы шәкіртақыларды табыстау бойынша жұмыстар ұйымдастырылып жатыр.

— Соңғы кезде елімізде жастар арасында құқық бұзушылық, төбелесу, буллинг деректері көбейіп кетті. Бұл орайда сіздердің тараптарыңыздан қандай шаралар қолға алынып жатыр? Мектеп, колледж, ЖОО-ның білім алушыларымен кездесулер өткіздіңіздер ме?

— Бүгінгі күнге дейін жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында өңірде 100-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, барлығы 30 мыңнан астам жас қамтылды. Атап айтқанда, «Жас сақшы» жастар жасағы, жастар ресурстық орталығының мамандары кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлармен бірлесіп, облыс аумағында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында «Құқықтық тәртіп», «Жасөспірім» республикалық жедел-профилактикалық іс-шараларын өткізуде. Іс-шара кезінде адамдар көп шоғырланатын теміржол вокзалы, Орталық базар маңы және криминогенді көшелерге, түнгі клубтар мен мейрамханаларға 123 рейд жүргізіліп, кешкі сағат 23.00-ден кейін заңды өкілінсіз көшеде жүру фактісі бойынша тәртіп бұзған кәмелетке толмаған жасөспірімдер анықталып, ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек, облыстық жастар ресурстық орталығы, «Жас сақшы» волонтерлік тобының мүшелері, құқық қорғау органдары, «Жастар рухы» жастар қанаты, «Аңсар» ақпараттық талдау орталығы мамандарынан құрылған мониторингтік топ жоғары оқу орындары мен колледж жатақханаларында рейд жұмыстары жүргізіп, жастармен кездесулер өткізді. Рейдтің мақсаты – студенттерді жатақханаларға орналастыру рәсімінің ашықтығын қамтамасыз ету, студенттер арасындағы құқық бұзушылықтың, буллингтің алдын алу. Рейдтік жұмыстар жыл басынан бері тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Сондай-ақ биыл жоғарыда аталған ұйымдармен бірлесіп, «Біз нашақорлыққа қарсымыз», «Жоқ деп айта біл!», басқа да тақырыпта спорттық шаралар өткіздік. Ал жастар ресурстық орталығы мен «Жастар рухы» жастар қанаты бірлесіп, құқықтық мәселелер бойынша консультативтік көмек беру мақсатындағы «Жастарға кеңес» жобасы аясында Ақтөбе қаласындағы және аудандардағы халық көп шоғырланған ірі сауда үйлері, вокзал, базар маңына қабылдау пунктін ұйымдастырды. Сондай-ақ, нашақорлық пен лудоманияның алдын алу мақсатында Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мен облыстық жастар ресурстық орталығы түзеу мекемелерінде жазасын өтеуші жас сотталғандармен өздерінің келісімі бойынша сұхбат жөніндегі бейне түсірілім жүргізді. Бүгінде нашақорлық пен лудомания бойынша жазасын өтеп жатқан 4 сотталушымен екі бейнеролик түсіріліп, әлеуметтік желілерге жарияланды. Жылдың аяғына дейін осы бағытта бірнеше бейнеролик түсіру жоспарланып отыр. Осы әзірленген роликтерді қоғамдық орындарда және кинотеатрларда көрсету жұмыстары жүргізілуде. Ондағы басты мақсат — жастарды жамандықтан сақтандыру, заң бұзбауға шақыру, облыстағы қылмыстың санын азайту. Жалпы, бұл бағытта қазір біз жан-жақты жұмыстанып жатырмыз.

— Әңгімеңізге рақмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов -архив
Өзгелердің жаңалығы