11 Наурыз 2026, 11:11
Фото: видеодан скриншот
Ақтөбе облысында 14 киікті атқан браконьерлер ұсталды
Көлікті тексеру кезінде жүк бөлігінен мотоцикл және 14 киіктің еті табылды.
Ақтөбе облысының Байғанин ауданында Қызыл кітапқа енген киіктерді атып алған браконьерлер ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Полиция қызметкерлері Байғанин ауданында күмән тудырған УАЗ автокөлігін байқап, оны тоқтатқан.
Көлікті тексеру кезінде жүк бөлігінен мотоцикл және 14 киіктің еті табылды. Кейін тексеру барысында автокөлікте отырған Атырау облысының үш тұрғынынан 12 калибрлі аңшы мылтығы, рация, дүрбі және пышақтар тәркіленді. Аталған факті бойынша сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған жануарлар түрлерімен заңсыз айналысу бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды, - деп хабарлады Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі.
Қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Еске салайық, бұған дейін екі өңірде ақбөкендерді заңсыз аулаған браконьерлер ұсталған.