Ақтөбе облысында 13 ауыл мобильді интернетке қосылды
Ақтөбе облысында цифрландыру мен инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2025 жылы мобильді интернетке 13 ауылдық елді мекен қосылды, ал тағы 24 ауыл OneWeb спутниктік жүйесі арқылы интернетке қол жеткізді. Нәтижесінде өңірде интернетпен қамту деңгейі 98 пайызға жетті.
Қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында көшелер мен қоғамдық орындарда 19 600 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Олардың 834-і жасанды интеллект технологияларымен жабдықталған.
Жыл ішінде өңірде ауқымды қоғамдық және патриоттық іс-шаралар да өткізілді. Атап айтқанда, «Айбын-2025» халықаралық әскери-патриоттық жиыны, сондай-ақ Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына және Мөңке бидің 350 жылдығына арналған мерекелік шаралар ұйымдастырылды.
Сонымен қатар 2025 жылы жергілікті атқарушы органдар азаматтардан түскен 59 мыңға жуық өтінішті қараған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 7 пайызға көп. Өтініштердің 96,2 пайызы шешімін тауып, заңбұзушылықтар саны алты есеге қысқарған.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров 2026 жылы басталған жобаларды аяқтау және халықтың өмір сапасын нақты жақсарту басты басымдық болатынын атап өтті.
Әрбір өтініштің артында адам тағдыры тұр. Халық қағаздағы есепті емес, күнделікті өмірінде нақты өзгерісті көруі керек. Әрбір басшының жауапкершілігі жеке болады, — деді өңір басшысы.