Ақтөбе облысында 105 адам көкжөтелмен ауырған

Ақтөбе облысында жыл басынан бері 105 адам көкжөтел ауруымен ауырған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанованың айтуынша, тіркелген 105 ауру дерегінің 59-ы зертханалық түрде расталған.

Көкжөтел – тыныс жолдарының шырышты қабығын зақымдайтын бактериялық жұқпалы ауру. Ол әлсіздік және жиілеген жөтелмен, ішке дем тарту кезінде «ысқырық» секілді дыбыстың шығуымен сипатталады. Бұл, ауру, әсіресе сәби жасындағы балаларға қауіпті. Ауру асқынса кейде тіпті өліммен аяқталуы мүмкін. Жалпы, көкжөтел адамнан адамға жөтелу немесе түшкіру кезінде ауа арқылы жұғады, — дейді Райхан Қойшанова.

Департамент басшысының айтуынша, Ақтөбе облысында былтыр мұндай ауру тіркелмеген. Биыл өңірде алғаш рет балалар арасында көптеп тіркеліп жатыр. Мәселен,облыста 1 жасқа дейінгі балалар арасында — 15, 1-5 жас аралығындағы балалар арасында — 39, 5-9 жас аралығындағыларда — 3, 10-14 жастағы жасөспірімдер арасында — 1, сондай-ақ 19 жастан жоғары жастар арасында бір жағдай анықталып отыр.

Аурудың кең таралуының басты себебі ана-аналардың жеке сенімдері бойынша балаларына екпе салдырмауы болып отыр. Көкжөтелмен ауырған кез келген адамда тұмаудың белгілері көрінеді. Мұрынның бітелуі, субфебрильді температура, жеңіл әрі сирек жөтел пайда болады. Ал нәрестелерде жөтел болмауы да мүмкін. Сондай-ақ тыныстың тоқтауы мен терінің кейбір бөліктерінің, ерін мен саусақ ұштарының көгеруі болуы мүмкін. Қазіргі таңда бұл аурудың алдын алудың басты тәсілі — екпе алу. Сондықтан ата-аналар балаларының денсаулығын ойласа, мерзімінде екпе салдыруы керек. Одан еш қорқудың қажеті жоқ,— дейді Райхан Қойшанова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ғазиз ШАКИРОВ - архив
Өзгелердің жаңалығы