Ақтөбе облысында 1-сыныпқа 19 мың оқушы қабылданды

Биыл жаңа оқу жылында Ақтөбе облысында 1-сыныпқа 19 мың бала қабылданып отыр. 1 тамызда өңірде мектепке оқушыларды қабылдау шаралары аяқталды, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырханның айтуынша, биыл жаңа оқу жылы қарсаңында 38 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтіп жатыр. 

Бұл нысандардың ішінде балабақша, орта мектептер мен қосымша білу беру ұйымдары бар. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 4,5 миллиардтан астам қаражат бөлінді. Жөндеу жұмыстарына келетін болсақ, облыстық білім басқармасы арнайы жоспар әзірледі. Сол жоспарға сәйкес, облыста 100-ден астам мекеме күрделі жөндеуді қажет етеді. Оның барлығына бір жылда жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкін емес. Сондықтан біз бұл нысандарды үш жыл ішінде қамтуды шештік. Қазір жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеп жатырмыз. Мысалы, биылғы жылы өңірде 4,5 миллиард теңгеге жөндеу жасалса, келер жылғы жөндеу жұмыстарына дәл осындай қаражатқа жобалық-сметалық құжаттарымыз әзір. Бұл мекемелер — ұзақ жылдардан бері жөндеуді қажет етіп тұрған нысандар. Атап айтсақ, олар — шатырынан су ағатын, терезелерінен жел соғатын, едендері тозған, ішкі әрлеу жұмыстарының тозығы жетіп тұрған мекемелер. Біз осы нысандардың барлығына жөндеу жұмыстарын жүргізетін боламыз, — дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, қазіргі таңда облыстағы барлық білім беру мекемелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олар 25 тамызға дейін аяқталуы керек.

Сондай-ақ басқарма басшысы биылғы жаңа оқу жылының мерзімі бір аптаға ұзартылғанын жеткізді. Бұрын оқушылар 34 апта білім алатын болса, енді 35 апта оқиды. Яғни, 1 маусымға дейін оқитын болады. Бұл, негізінен, оқушыларға түсіретін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Себебі осыған дейін ата-аналар балалар күніне 7-8 сағат бойы оқитынын айтып, шағым түсірген.

Осындай жүктемені азайту үшін  жаңа оқу жылында оқу аптасы ұзарып отыр. Сондай-ақ биылғы жаңа оқу жылындағы өзгешелік, оқушыларды оқулықпен қамту мәселесі түгелімен шешіліп отыр. Биыл облыстық бюджеттен бұл мақсатқа 1,7 миллиард теңге қаржы бөлінді. Қазір баспалармен келісімшарттар жасалды, 20 тамызға дейін барлық мектептер оқулықпен қамтылатын болады. Сондай-ақ биылғы жаңа оқу жылында 2-сыныптың оқулығы қайта басылып шығып жатыр. Алдағы уақытта осы сыныптан басқа барлық оқулықтар 1 қыркүйекке дейін оқушыларға таратылады, — дейді Ж.Батырхан.

Жаңа оқу жылы қарсаңында елімізде жыл сайын мектеп формасы «жыр» болатыны белгілі. Бұған дейін министрлік өкілдері алдағы оқу жылында бұл мәселеде бірқатар жаңашылдық болуы мүмкін екенін хабарлаған болатын. Мектеп формасына қатысты облыстық білім басқармасы басшысының жауабын да алдық.

Мектеп формасына қатысты шешімдер, негізінен, министрліктің №26 бұйрығымен реттеледі. Биыл біз бұл мәселеде өзгешелік болады деп күткенбіз. Себебі әр мектепте мектеп формасының әр түрлі түсті болуы, әр түрлі матадан тігілуі өз кезегінде ата-аналардың наразылығын туғызды. Әрине, осыған байланысты облыстық білім басқармасы келер жылдан бастап облыс аумағындағы оқушылардың мектеп формасының материалын, үлгісін, түсін, түрін белгілеп беретін болды. Яғни, оқушы бір мектептен келесі мектепке ауысқан жағдайда ол мектеп формасын қайтадан сатып алмайтын болады. Ал биыл ата-аналар комитетінің шешімімен бекітілгендей өткен жылғыдай мектеп формасымен оқитын боламыз, — деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы