Ақтөбе облысы жылыту маусымына дайын ба?
Ақтөбе облысында жылыту қазандықтары мен турбоагрегаттар әлі жөнделіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаевтың айтуынша, биылғы жылыту маусымына дайындық өңірде қызу жүріп жатыр. Бүгінде инженерлік желілердің дайындығы 97 пайызға жеткен.
Бүгінде облыстағы әлеуметтік нысандар мен инженерлік желілерді қысқы мезгілге дайындау жұмыстары кестеге сай жүргізілуде. Қазіргі таңда өңірдегі 633 қазандықтың барлығы жөндеуден өтті. 53,3 шақырым су-кәріз желісінің 49,8 шақырымына, сондай-ақ 31,2 шақырым жылу желісінің 30,3 шақырымына, 295,3 шақырым электр желісінің 296,4 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыстағы 1097 нысанның барлығы алдағы жылыту маусымына дайын, — дейді Айтбаев.
Оның айтуынша, биылғы жылыту маусымына Ақтөбе облысындағы бюджеттік ұйымдар үшін 26 738,9 тонна көмір және 1 622,3 тонна дизель отыны керек. Қазіргі таңда өңірге 26 436,0 тонна көмір тасылған, сондай-ақ ұйымдар 1 622,3 тонна дизель отынымен қамтылған. Ал облыс халқына қажет 21 500 тонна көмірдің бүгінде 7 тоннадан астамы аудандарға жеткізілген. Тағы 12 вагон жолда «келе жатыр».
Айта кету керек, биыл бір тонна көмір облыста 23 мың теңгеден сатылуда.
Облыстағы коммуналдық кәсіпорындардың жұмыстарына тоқталсақ, бүгінге дейін «Ақтөбе жылу-электр орталығы» акционерлік қоғамы 9 қазандыққа және 5 турбоагрегатқа жөндеу жұмыстарын жүргізді. Алдағы уақытта қалған 4 қазандық пен бір турбоагрегатты жөндейтін болады. Ал «Aqtobe su-energy group» акционерлік қоғамы биыл 27 қазандықты қайта қалпына келтірді. Бұдан бөлек, 8,6 шақырым жылу, 16,2 шақырым су-кәріз желісі жөнделді, — дейді Айтбаев.