Ақтөбе облысы. Үлгі болған ауылдар

Ақтөбе облысында соңғы екі жылда 9 елді мекенде ешқандай қылмыс тіркелмеген, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы өткен жылдың аяғында Ақтөбе облысына арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтып берді. Өзгелерге үлгі болған ауылдарды атап айтсақ, олар — Мұғалжар ауданындағы Егіндібұлақ, Ырғыз ауданындағы Қызылжар, Тәуіп, Алға ауданындағы Қарабұлақ, Темір ауданындағы Тасқопа, Хромтау ауданындағы Тассай және Әйтеке би ауданындағы Ақкөл, Ақтасты, Қайрақты елді мекендері.

Тұрғындармен кездесу барысында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Ақтөбе облысындағы осы 9 ауылдың тәжірибесін үлгі ретінде республиканың басқа да облыстарына таратуды ұсынған болатын. Біз осы үлгілі ауылдардың әкімдерімен тілдесіп, тіпті, бірқатарына жол түсіп, барып қайтқан едік. Сонымен...

Тасқопадағы тіршілік

Тасқопа ауылы — республика бойынша сегізінші «Алтын адам» табылған елді мекен. Ол облыс орталығынан 270, ал аудан орталығынан 90 шақырым қашықтықта орналасқан. Мұнда 700-ге жуық адам тұрып жатыр. Орта мектебінде 130-дан астам оқушысы бар.

Көгілдір отын, ауызсу, интернетпен қамтылған. Екі қабатты мектеп күрделі жөндеуден өтсе, ауыл орталығындағы саябаққа «Алтын адамның» ескертіші қойылған. Халқының дені мал шаруашылығымен айналысады. Ауылдағы үйлердің көбінің шатыры заманауи үлгідегі жабындылармен жабылған. Қақпалары жаңартылған үйлер көп. Жалпы мұндағы халықтың жағдайы жақсы екені үйлерінің қасбетінен көрініп тұр.

Ауылымызда 23 шаруа қожалығы бар. Округке қарасты 18 мың гектар жер ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылып отыр. Халықтың жағдайы жақсы, бәрінің қорасында мал бар. Округте 800 жылқы, 4 мың ірі қара және 8 мыңдай қой бар. Ауылда шаруашылықтар мал өсірумен қатар шөп шауып, көрші ауылдарда мал азығымен қамтып отыр. Тіпті, көрші Атырау облысынан келіп шөп сатып алатындар бар. Тұрғындар қысы-жазы шаруаның жайымен жүреді. Содан ба, жастар арасында да, үлкендер арасын да ешқандай құқық бұзушылық тіркелген жоқ. Тіпті,соңғы жылдары ауылымызда мал ұрлығы болған жоқ. Туған жеріміздің, алтын бесігіміздің осындай үлгілі ауылдар қатарына кіргеніне қуаныштымыз. Біз алдағы уақытта да осындай бастамамызбен басқаларға тек жақсы жағынан көрінуге тырысамыз, — дейді округ әкімі Мәрзия Қожақова.

Аталған ауыл биыл облыста жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасына атсалысып жатқан көрінеді. Атап айтсақ, биыл аталған жоба бойынша ауданда 1628 жоба дайындалса, Тасқопа ауылынан атаулы әлеуметтік көмек алатын бір отбасы қатыспақшы. Осылайша бұл жоба әлгі жағдайы төмен отбасының табысы артуына өз септігін тигізбек.

Жағдайы жақсы, қылмысы жоқ Тасқопа ауылының тіршілігі, міне, осындай.

Бірлігі жарасқан қос ауыл

Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданындағы Ақкөл селолық округі — облыс орталығынан 250 шақырым, аудан орталығынан 120 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл ауылда жалпы саны 670 тұрғын бар. Елді мекенде фубол алаңы, хоккей корты, орта мектеп, балабақша, дәрігерлік пункт, ауылдық клуб пен кітапхана бар.

Ауылымыз осыдан төрт жыл бұрын газбен, екі жыл бұрын ауызсумен қамтылды. 2013 жылы күрделі жөндеу жүргізілген орта мектебімізге былтыр газ құбыры тартылды. Қазір білім беру ошағында 114 оқушы оқып жатыр. Жалпы саны отызға жуық мұғалім жұмыс істейді. Оқушыларымыз облыстық, республикалық білім додаларында жақсы жетістіктерге жетіп жүр. Ал балабақшамызда 24 бала тәрбиеленуде. Одан бөлек, тұрғындарға «Қазпошта» акционерлік қоғамының бөлімшесі де қызмет етеді. Шаруа қожалықтарының саны — 28. Ауылымызда 3 мыңнан астам ірі қара, 6 мыңға жуық қой-ешкі, 1500-ға жуық жылқы бар. Былтыр мал қыстату кезеңіне 15,2 тонна шөп дайындалды. Ауылдың малын емдейтін үш ветеринар маман бар. Былтыр ауылымызға алты отбасы көшіп келді, — дейді округ әкімі Нұрлан Жұмашев.

Оның айтуынша, соңғы екі жылда елді мекенде ешқандай қылмыс тіркелмепті. Оған басты себеп мұнда жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу жолға қойылған. Сондай-ақ халықтың дені бір-бірімен ағайын-туыс болып келеді. Сондықтан бұл елді мекеннің бірлігі жарасқан, жастары бірінің үйінен бірі ас ішіп, тату өмір сүріп жатса, ауыл әкімі халықпен қоян-қолтық жұмыс жасайды. Бір сөзбен айтқанда, бірлігі мен тірлігі жарасқан Ақкөл — өзгелерге нағыз үлгі болатын ауыл.

Ауыл тұрғыны Орынбасар Смайыловтың айтуынша, Ақкөлде еңбекқор жастар көп. Олар мал өсіру, шөп шабу, ағаш егумен айналысатын. Ауыл ақсақалының өзі екі жылдан бері ағаш көшеттерін өсірумен шұғылданады екен. Жыл сайын оның бастамасымен ауыл ішіндегі мектеп пен клубтың айналасына ағаш көшеттері егіледі. Қазір ол өз үйінің ауласында қарағаштың түптерін өсіріп жатқанын айтады.

Жастарды жалқау деуге болмайды. Еңбекқор, тілалғыш, белсенді жастар көп ауылда. Тек біз, үлкендер жағы оларға қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беруіміз керек. Егер жастар жағы жұмыс жасаса, қосымша табыс тапса, олардың қылмыс жасауға, ішімдік ішіп, құмар ойынмен ойнауға уақыты болмайды, — дейді ол.

Ақтасты ауылдық округінің әкімі Дәурен Убайдуллиннің айтуынша, округте бүгінде 546 адам бар. Округте Ақтасты және Толыбай елді мекендері кіреді. Былтыр ауылға бес отбасы көшіп келген.

Ақтасты ауылында мектеп, клуб, балабақша, кітапхана бар. Халықтың жағдайы жақсы. Мұнда 2020 жылы «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында ауызсу құбыры тартылды, интернет те бар. Биыл көгілдір отын жүргізу үшін жоба дайындап жатырмыз. 2021-2022 жылдары округке қарасты екі ауылда үш балалар ойын алаңы пайдалануға беріліп, округ аумағындағы «Хан моласы» кесенесі жанынан шырақшы үйі салынды. Бүгінде округте жалпы саны 27 шаруа қожалығы жұмыс істейді, — дейді округ әкімі.

Ауылда қазір бір учаскелік инспектор бар. Оған көмекші ретінде аудандық полиция бөлімімен бірлесіп, екі ауылдан екі қоғамдық көмекші бекітіліпті. Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында олар жастармен жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Соның нәтижесінде соңғы жылдары Ақтастыда ешқандай қылмыс тіркелмеген.

Құрылыста қылмыс жоқ

Қызылжар ауылдық округінде 2005 адам тұрады. Округте үш елді мекен бар. Олар: Құрылыс, Жаныс би, Шеңбертал.

Округ әкімі Аслан Жәнібекұлының айтуынша, мұнда үш орта мектеп, 3 балабақша, бір дәрігерлік амбулатория, екі фельдшерлік пункт бар, бір мәдениет үйі, бір орталықтандырылған модельдік кітапхана, 2 ауылдық кітапхана, «Қазпошта» мекемесінің бөлімшесі, өрт сөндіру бекеті мен газ шаруашылығы мекемелері бар.

Округте жалпы саны 125 кәсіпкерлік субъектісі бар, оның ішінде 66-сы — шаруа қожалығы. Ауылдардағы 79 жеке кәсіпкер мал өсірумен, жолаушылар тасымалдаумен айналысады, монша, шиномонтаж, тігін цехы, органикалық тыңайтыш өндіру, фотосалон, тағы басқа қызметтер көрсетеді. Кәсіп иелері үш елді мекенді қажетті азық-түліктермен, киім-кешектермен, кондитерлік өнімдермен, наубайхана және тұрмыстық, шаруашылық заттармен қамтамасыз етуде, — дейді ол.

Биыл округ бойынша «Ауыл аманаты» пилоттық жобасына 13 адам өтініш берген. Олардың құжаттары Ақтөбе әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тапсырылған. Оның ішінде 10 жоба — құс шаруашылығы, 2 жоба — шағын наубайхана ашу, бір жоба — қайта өңдеу бағыты бойынша.

Қазіргі таңда 5 жоба мақұлданып, қаржыландыруға ұсынылды. Қалған 8 жоба қаралуда. Ауыл тұрғындары тарапынан тағы да шиномонтаж құрылысына 4 жоба, жылыжай салуға 2 жоба, шаштараз ашуға бір жоба, монша құрылысына екі жоба ұсынылып, қазір олардың құжаттары жасақталуда. Жоба аясында Құмтоғай ауылдық округіне қарасты «Алтын — Әсел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен тауарлы несие бағытында Шеңбертал ауылының 2 тұрғыны 40 бас аналық сиыр малын алып, жұмыс жасап жатыр. Сондай-ақ аталған жоба негізінде «Аймұрат-2022» ауыл шаруашылығы өндірістік кооператив құрып, өз жұмысын бастады, — дейді ауыл әкімі.

Округ аумағы үлкен болса да соңғы екі-үш жылда бұл ауылда ешқандай қылмыс тіркелмепті. Жастары білімді, мәдениетті, тұрғындарының ауызбіршілігі мол бұл ауыл қазір Ырғыз ауданында басқа округтерге үлгі болып отыр. Атына заты сай Құрылыс ауылында қазір құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Мұнда бір кәсіпкер тұрғындардың игілігі үшін тойхана салып жатса, биыл жыл аяғына дейін ауылға кіреберіс жолға асфальт төселмек. Ауыл әкімінің айтуынша, жылдан-жылға округте мал саны да, жеке кәсіппен айналысушылар да көбейіп келеді. Округ орталығы Құрылыста бүгінде ауызсу да, газ да, интернет те бар.

Берекелі Бұлақты

Мұғалжар ауданына қарасты Егіндібұлақ ауылдық округінде соңғы жылдары құқық бұзушылық деректері тіркелмепті.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл — округ әкімі Әлімжан Андақұлов пен учаскелік полиция инспекторы Дастан Сақтағановтың тыңғылықты қызмет етуінің жемісі.

Егіндібұлақ ауылдық округінің орталығы Бұлақты ауылында бүгінде негізгі мектеп, демалыс алаңы, бірқатар тарихи ескерткіштер бар. Алдағы уақытта бұл ауылда медициналық пункт салу жоспарлануда.

Биыл округ бойынша 28 адам «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға ниет білдіріпті. Егер олардың жобалары мақұлданса, тұрғындар мал шаруашылығын дамытып, елді мекенде жеке кәсіп аша алады.

Қатарда жоқ Қосарал

Байғанин ауданына қарасты Қосарал ауылында биыл қылмыс тіркелмеген. Алайда бұл ауыл жоғарыдағы «тізімге» тіркелмеген.

Ауыл тұрғыны Дидар Құрманияздың айтуынша, ауылда өтетін басқосуларда жастар мүлде арақ-шарап ішпейді. Қонақтық та, той да, басқа да ішімдіксіз өтеді.

Ауылдың үлкендері бастап, біз қоштап, осы бір жақсы бастаманы жүзеге асырдық. Ішімдік сатылмаған соң көшеде ешкім бесеубет жүрмейді. Халық тату-тәтті тұрып жатыр. Ауылдың тыныс-тіршілігі жақсы, тұрғындардың әл-ауқаты жыл сайын көтеріліп келеді. Жастар имандылық жолында, әркім өз отбасының игілігіне қызмет етіп жүр, — дейді ол.

Қарауылкелді ауылдық округінің әкімі Жұмабек Әбитовтің айтуынша, Қосарал — болашағы бар ауыл. Ол аудан орталығынан 18 шақырым қашықтықта орналасқан. Мұнда мектеп, медициналық пункт, байланыс желісі, интернет бар. Болашақта ауылға газ құбыры тартылмақшы. Халқы мал өсірумен айналысады, шаруашылықтар саны жылдан-жылға артып келеді.

Р.S. Ақтөбе облысында сондай-ақ тұрғындары ішімдік ішуден мүлде бас тартқан 11 ауыл бар. Бұл ауылдардың халқы той-томалақты да, мерекені де ішімдіксіз атап өтеді. Дүкендері мен сауда орындарында алькогольдік өнімдер мүлде сатылмайды. Бұл ауыл халқының өзара ынтымағын көрсетеді, қылмыстың, жағымсыз жағдайлардың алдын алу, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлгі-өнеге көрсету үшін жасалып отырған игі іс екенін білдіреді. Елімізде өзгелерге үлгі болатын осындай елді мекендер көбейсін! Сонда ғана біз рухы мықты, халқы берекелі мемлекет боламыз...

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ауыл әкімдерінің архивінен
Өзгелердің жаңалығы