Ақтөбе облысы суға шомылу маусымына дайын ба?
Былтыр Ақтөбе облысында 11 адам суға кетіп, көз жұмды. Биыл осындай қайғылы жағдайлардың қайталанбауы үшін тыйым салынған орындарға белгілер орнатылуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің сүңгуірлік тобы су айдындарында су түбін тексеріп жатыр. Бүгінге дейін 21 жағажай түбі тексеріліп, оның 20-сына рұқсат берілген. Қалған жағажайлар 25 мамырға дейін тексеріледі. Сондай-ақ мамандар облыс аумағында суға түсуге тыйым салынған 206 орынды анықтап, тыйым салу белгілерін орнатып жатыр. Былтыр бұл аумақтарға 300-ге жуық белгі орнатылған.
Былтыр су айдындарында белгіленбеген жерлерге түсіп, қауіпсіздік ережесін сақтамаудың, сондай-ақ жүзу білмегеннің салдарынан 11 адам көз жұмды. Оның 9-ы - бала. Биыл осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін қауіпті учаскелерге бақылау камераларын орнату мәселесін қолға алып жатырмыз. Өткен жылы Ақтөбе қаласы бойынша су айдындарындағы қауіпті учаскелерге 33 бақылау камерасын орнату бойынша облыстық цифрлық технологиялар басқармасы конкурс шараларын жүргізген болатын. Алайда камераларды орнату мәселесі әлі күнге дейін шешілмеді, - дейді Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Айбат Жаңабергенов.
Жаз мезгілінде балалардың көбі түске дейін мектеп жанындағы лагерьлерге барса, түстен кейін бос уақытындасу айдындарына баруы мүмкін. Осы орайда департамент басшылығы ата-аналарды балаларын қатаң қадағалауға шақырады.
Қазір облыс мектептерінде балаларға нұсқаулық сабақтары жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін 197 мектепте 15 мыңнан астам балаға нұсқаулық берілді. Сондай-ақ 23 қаңқалы-модульдік бассейнде балалар жүзуге үйренеді, - дейді Жаңабергенов.