Ақтөбе облысы ауылдық медицинаны ЖИ көмегімен жаңа деңгейге көтеріп жатыр

Ақтөбе облысы ауылдық медициналық мекемелер желісін кеңейтіп жатыр. Қазірдің өзінде 22 жаңа амбулаториялық пункт пайдалануға берілген, жыл соңына дейін тағы жеті нысан іске қосылады. Шалғайдағы ауыл тұрғындары үшін мобильді дәрігерлік бригадалар ұйымдастырылған, ал диагностикаға жасанды интеллект технологиялары енгізілуде. Бұл туралы өңір әкімі Асхат Шахаров ОКҚ алаңында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әкімнің айтуынша, ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту — мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.

Сапалы медицина тек орталықтарда ғана емес, шалғай елді мекендерде де қолжетімді болуы тиіс. Президенттің тапсырмасы бойынша 29 амбулаториялық пункт салуға қаражат бөлінді. Бүгінгі күні оның 22-сі жұмыс істеп тұр. Олар шамамен 13 мың тұрғынға қызмет көрсетеді. Жыл соңына дейін тағы жеті нысан аяқталады, — деді Асхат Шахаров.

Ол өңірдің медициналық көмекті қамтамасыз етуде кешенді тәсіл қолданатынын атап өтті.

Біздің қолымызда жылжымалы мобильді медициналық пункттер бар. Жоғары білікті мамандар шалғай ауылдарға барып, талдаулар жүргізеді, кеңес береді, сол жерде шешім қабылдайды. Шамамен осындай 30 сапар жасалды. Халыққа алдын ала ақпараттандыру кестесін жеткіземіз, бұл жұмысты әрі қарай жалғастырамыз, — деді әкім.

Шахаров цифрлық технологияларды енгізу туралы да айтып өтті.

Біз телемедицинаны енгіздік. Онда жасанды интеллект қолданылады: жүйе түсірілімдер арқылы ерте ауытқуларды анықтауға көмектеседі, кейін оларды біздің рентгенологтар мен маммологтар қосымша тексереді. Кеңестер дәрігер–дәрігер және дәрігер–пациент форматында өткізіледі. Орталық тәулік бойы жұмыс істейді, — деп түсіндірді ол.

Оның айтуынша, жасанды интеллект диагностика дәлдігін айтарлықтай арттырады.

Жүйе қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Ол дәрігерлерге суреттерді қайта тексеру қажеттігі туралы сигнал береді және қауіптерді азайтуға көмектеседі. Пациенттерді қамту толық әрі сенімді бола түсуде, — деді әкім.

Шахаров тәулік бойы жұмыс істейтін телемедицина орталығы өңірдің үздік мамандарын біріктіретінін атап өтті.

Біздің жоғары білікті дәрігерлеріміздің негізгі шоғыры осы орталықта шоғырланған, қажет болған жағдайда олар жедел түрде пациентке кеңес беріп, ұсыныстар жасай алады, — деп қосты ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы