Ақтөбе облысы «Ауыл аманатына» бөлінген қаржыны игере ала ма

Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасына бөлінген қаржыны игеруде қиындықтар туындауда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Былтыр «Ауыл аманаты» жобасына 12,5 млрд теңге қаражат бөлінген. Алайда биыл наурыз айында қаржыны толық игермеу қаупі туындаған соң республикалық бюджетке 4,0 млрд теңге кері қайтарылды. Қазір қалған 8,5 млрд теңгені игеру үшін өңірде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дегенмен бұл қаржыны игеруде де мәселе туындауда. Оған ауылдық округтерде жобаларды жүзеге асыру қарқынының төмендігі себеп болып отыр.

Бүгінде облыс бойынша 6,2 миллиард теңгеге 925 өтініш қабылданды. Оның 5 475,2 миллион теңгесіне 830 жоба мақұлданып, 3 895,0 миллион теңгеге 598 жобаға несие берілді. Жалпы өңірде жобаға қатысушы 134 ауылдық округ пен 6 шағын қалада 67 836 аула бар. Жоба басталғалы олардың 2063-і несие алды. Аулалардың жобаға қатысу үлесі — 2,9 пайыз. Демек, тұрғындарды жобаға қатыстыру ауқымын әлі де көбейту қажет. Қазір мақұлданған барлық жобаға несие бергеннің өзінде қаражаттың игерілуі 68,2 пайызға ғана жетіп отыр, — дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай.

Оның айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы аясында әлі несиесін алмаған 232 адам бар. Оның 100-інің кепіл құжаттары дұрыс емес. Бұл мәселені облыстағы аудан әкімдіктері осы айда шешуге тиіс.

Қазір игерілмеген қаржы көлемі — 4,6 миллиард теңге. Бұл қаржыны 28 қыркүйекке дейін игеруге тиіспіз. Егер ақша толық иегерілмесе, Қаржы министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі және Ақтөбе облысы әкімдігі арасындағы үш жақты шартқа сәйкес, мерзімі өткен жобалар үшін әр күн сайын 5 пайыз мөлшерінде айыппұл төлейтін боламыз. Бұл дегеніміз — күніне 110 миллион теңге, — дейді Қ.Сәрсембай.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы