Наурыз шуағы. Ақтөбе

Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбеліктер Ұлыстың ұлы күнін бір атаның баласындай атап өтті. Кешелі бері өңірде күн шуағын шашып тұр. Халық таңмен таласа көшеге шығып, бір-біріне ақ тілектерін жаудырды.

Ақтөбеліктер үшін биылғы жыл ерекше. Наурыз айы басталысымен аймақта күн жарқырап тұр. Жыл сайын қар аралас жаңбырда ұлы мерекені тойлап жүрген тұрғындардың көңілдері ерекше көтеріңкі. Көше, алаң толған халық. Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақ басты алаң. Сауық-сайранның көркі қызды. Мерекені тойлауға шыққандар қаз-қатар тізілген киіз үйлерге кіріп, наурыз көже, бауырсақтан дəм татты. Алаңдарда құрылған алтыбақандардың қызығын кішкентайлар көріп жатыр.

«Бүгінгі Наурыз мерекесімен барша ақтөбелікті құттықтаймын. Киіз үйден дәм татып, жастарымызға бата беріп шықтық. Аспанымыз әрқашан ашық болсын. Күніміз бүгінгідей жарқырай түссін. Өзгерістер жақсылығымен болсын. Аймақтағы қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері бір дастарханда бас қостық. Жақсы тілектеріміз орындалсын», - деді "Невада-Семей" Батыс Қазақстан аймағы филиалының директоры Ізімғали Көбенов. 

Ақтөбенің Арбатында да адам қарасы көп. Қобыланды батыр атындағы орталық стадион алдына бірнеше киіз үй тігілген. Облыстық дін істері басқармасы мен "Аңсар" ақпараттық талдау орталығы тіккен үйдің есігі айқара ашық. Тұрғындар емін-еркін кіріп, астан ауыз тиді. Ақсақалдардан бата алды. Арбатта қайырымдылық шаралары да өтіп жатыр. Шаһардың қайырымды жастары да ақтөбеліктерді ұлы мерекемен құттықтап, тілектерін білдірді. Жастар жүректерге жылылық ұялатып, бауырмалдық пен бірлікті дәріптейтін Наурыз мейрамын әлемдік деңгейде атап өту қажет деп есептейді.

«Наурыз мерекесін әлем бойынша тойлау керек деп ойлайымн. Жақсылықтың мерекесі. Жастарды қайырымдылық жасауға шақырамын. Замандастарын елде өтіп жатқан "Ел үлесі пәтерге" акциясына қатысуға да шақырамын. Қайырымдылық шарасы өңірдегі бір мұқтаж жанға баспана алып беру мақсатында басталған. Өткен айда Ембі қаласының тұрғынына үй алып бердік. Жақсылығымыз жалғасады», - деді "Жүректен жүрекке" еріктілер тобының мүшесі Әлішер Садық.

Ақтөбелік жігіттер гір тасын көтеріп, арқан тартысты. Тіпті, қой көтеріп жарысты. Бүгін облыста 63 киіз үй тігілді. Кәсіпкерлер 12 мың литр наурыз көже əзірлеп, 11 тонна палау пісірді. 10 тонна бауырсақ та тұрғындарға таратылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы