Ақтөбе мейрамханасының аспазы есірткі сатушы болып шықты
Ақтөбе облысы бойынша есірткі қылмысына қарсы күрес департаментінің қызметкерлері мейрамханалардың бірінің тұрағында 28 жастағы аспазды ұстады деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жеке тінту кезінде оның үстінен сегіз бума марихуанаға ұқсас есірткі заты табылды.
Ал мейрамхананы тінту кезінде ұсталған азаматтың жұмыс орнынан 15 дана полиэтилен байлам есірткі табылды.
Ұсталғанның тұрғылықты жерінен табылған пакеттің ішінде 33 сәлемдеме болды. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы бір келіден асады, бұл аса ірі көлемге жатады.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы "Есірткі, психотроптық заттармен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу" және ҚК-нің 297-бабы "Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Ер адам жеті жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.