Ақтөбе мен Қызылорда облыстарында республикалық жолдар уақытша жабық
Ауа райының күрт бұзылуына байланысты Ақтөбе және Қызылорда облыстарындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
"ҚазАвтоЖол" мәліметінше, 4 ақпан күні сағат 19:45-тен бастап аталған өңірлерде қоғамдық және жүк көліктерінің қозғалысы тоқтатылады. Шектеу ұзын-сонар халықаралық бағыттың бірнеше учаскесін қамтиды.
Ақтөбе облысында қозғалыс "Ресей Федерациясы шекарасы – Мәртөк – Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – ҚХР шекарасы" автожолының 776-1240 шақырым аралығында, яғни "ЭКО ойл" жанармай құю станциясынан Қызылорда облысының шекарасына дейінгі бөлігінде шектеледі.
Ал Қызылорда облысында дәл осы бағыттың 1240-1362 шақырым аралығындағы учаскесінде, Ақтөбе облысының шекарасынан Арал қаласына дейін көлік қозғалысы уақытша тоқтатылады.
Мамандардың ақпарынша, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енгізілген бұл шектеу 5 ақпанда сағат 09:00-де алынады деп жоспарланған. Жүргізушілерге алыс жолға шығар алдында ауа райы мен жол жағдайын ескеріп, сақтық шараларын күшейту ұсынылады.