20 Қазан 2026, 16:11 Фото: Желіде тараған бейнежазбадан кадр

«Ақтөбе» футбол клубына 2 млн теңге айыппұл салынды

Қазақстан футбол федерациясы «Ақтөбе» клубына жалпы 500 АЕК, ал бас бапкер Игорь Черевченкоға 50 АЕК айыппұл салды.

Қазақстан футбол федерациясы «Ақтөбе» және «Ордабасы» клубтарына, сондай-ақ «Ақтөбенің» бас бапкері Игорь Черевченкоға айыппұл салынғанын мәлімдеді. Шешім 2026 жылғы Премьер-лиганың 23-туры аясындағы екі команда арасындағы матчқа қатысты қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Федерацияның мәліметінше, «Ақтөбе» футбол клубына матчты тиісті деңгейде ұйымдастырмағаны, қауіпсіздік талаптарын сақтамағаны және клуб директоры Бақытбек Дузельбаевтың төрешілер бөлмесіне рұқсатсыз кіргені үшін 300 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынды.

Бұған қоса, команда жанкүйерлерінің матчтің ресми тұлғаларына балағат сөздер айтып, қарсылас командаға қатысты қорлайтын сөздер қолданғаны үшін клуб тағы 200 АЕК айыппұл төлейді.

Ал «Ақтөбе» командасының бас бапкері Игорь Черевченко беделге нұқсан келтіретін сипаттағы мәлімдемелері үшін 50 АЕК көлемінде айыппұл арқалады.

«Ордабасы» футбол клубына да айыппұл салынды. Команданың киім ауыстыратын бөлмеден кеш шығуына байланысты матч үш минутқа кеш басталғаны үшін клуб 60 АЕК төлеуге міндеттелді.

Қазақстан футбол федерациясының хабарлауынша, барлық айыппұлды 2026 жылғы 20 қарашаны қоса алғанға дейін төлеу қажет.

Федерация матчтарді ұйымдастыру кезінде қауіпсіздік талаптарын, жарыс регламентін және кәсіби этика нормаларын сақтау міндетті екенін еске салды.

Қауіпсіздік талаптарын, жарыс регламенті мен кәсіби этика нормаларын сақтау – футбол матчтарын өткізудің міндетті шарты. Клубтар матчтарды тиісті деңгейде ұйымдастыруға, өз өкілдері мен жанкүйерлерінің әрекетіне жауапты. Федерация стадиондардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, футболға қатысушылар арасында өзара құрмет қалыптастыруға және матчтарды белгіленген талаптарға сай өткізуге басымдық береді, – деп мәлімдеді Қазақстан футбол федерациясы.

Еске салайық, бұған дейін "Ақтөбе" клубы алты жанкүйер қыздың айыппұлын толық төлеп беретінін мәлімдеді.