1 Қараша 2026, 23:55 Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Ақтөбе әуежайында жаңа ұшу-қону жолағы салынады

Жаңғырту жұмыстары әуежайдың өткізу қабілетін арттырып, әуе қатынасын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Ақтөбе қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайда жаңа ұшу-қону жолағы салынып, жолаушылар терминалы қайта жаңғыртылады. Жобалар Қазақстанның әуежайларын 2029 жылға дейін дамытуға арналған үш жылдық бағдарлама аясында жүзеге асырылады.

Жаңғырту жұмыстары әуежайдың өткізу қабілетін арттырып, әуе қатынасын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Жобалардың іске асырылу барысы Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың төрағалығымен өткен жиында талқыланды. Оған өңірлік әкімдіктер мен әуежай өкілдері қатысты. Кездесуде ұшу-қону жолақтарын салу және реконструкциялау, жолаушылар терминалдарын жаңарту, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу, қаржыландыру көздері мен жұмыс мерзімдері қаралды.

Жалпы, бағдарлама аясында еліміздің жеті әуежайындағы ұшу-қону жолақтары жаңғыртылады. Ақтөбе, Астана және Шымкент қалаларында жаңа жолақтар салынады. Ал Алматы, Жезқазған, Тараз және Орал әуежайларындағы қолданыстағы жолақтар реконструкцияланады.

Сонымен қатар Ақтөбеден бөлек, Атырау, Өскемен, Жезқазған, Семей, Павлодар және Үржар әуежайларында жолаушылар терминалдарын салу немесе жаңғырту жоспарланған.

Айта кетейік, көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі Мемлекет басшысының 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында да көтерілген.