Ақтөбе әкімдігі 7 жылдан бері салынып бітпеген мектеп құрылысына неге нүкте қоймай отыр?
Ақтөбеліктер құрылысы тұралап қалған әлеуметтік нысандарға қатысты шағымдарын жеткізді. Себебі бір ауылда балалар апатты жағдайдағы оқу ғимаратында оқыса, енді бір ауылда жаңа мектептің құрылысы 7 жылдан бері аяқталмай тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облысында көп жылдан бері құрылысы бітпей тұрған әлеуметтік нысандар бар. Былтыр өңірде құрылысы ұзаққа созылған 13 әлеуметтік нысан тіркелген болса, биыл 7 нысанның құрылысы жалғасуда. Олардың қатарында Ақтөбе қаласының шетіндегі "Шилісай-1" тұрғын алабындағы 600 орындық орта мектеп, Ақтөбе қаласы “Батыс-2” шағын ауданындағы дене мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған спорт кешені, Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласындағы “Самал” шағын ауданындағы 600 орындық орта мектеп пен Ащысай ауылындағы 60 орындық орта мектеп, Хромтау қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Байғанин ауданы Оймауыт ауылындағы 150 орындық мектеп-балабақша және Әйтеке би ауданы Темірбек Жүргенов ауылындағы 150 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені бар.
Жаңа мектепті 4 жылдан бері күтіп отыр...
Байғанин ауданы Оймауыт ауылының тұрғыны, “Нұржан” шаруа қожалығының басшысы Жансая Бөлебаеваның айтуынша, елді мекенде мектеп құрылысы 2021 жылы басталған. Содан бері әлі күнге дейін қолданысқа берілмеген. Тіпті, мектеп ғимаратының қабырғасы да көтерілмеген.
Ауылымызда бүгінде 120 шақты үй бар. Мектебімізде 150 бала оқиды. Осы күнге дейін балаларымыз сонау 1961 жылы салынған мектепте оқып келеді. Қазір мектеп ғимараты әбден тозып, апаттық жағдайда тұр. Осыдан біраз жыл бұрын жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен балалардың оқуына жарамсыз. Көп жыл жаңа мектептің салынуын күттік. Содан 2021 жылы құрылысы басталғанда қатты қуандық. Алайда конкурста ұтқан мердігер ұйым мектептің іргетасын құйды да, жұмыстарды жүргізбей тастап кетті. Қазір материалдары ұрланып жатыр. Құрылыс жұмыстары тұралап қалды. Тұрғындар жаңа мектептің тездетіп салынғанын қалаймыз, - дейді Жансая Бөлебаева.
Ауыл тұрғынының айтуынша, ауылдағы клуб та ескі. Сонау 1970-жылдары салынған. “Халықтық театр” атағы бар Оймауыт Мәдениет үйі бүгінде тозып тұр. Онда қазір 4 адам ғана жұмыс істейді. Бұрын мәдениет ошағында он шақты адам еңбек еткен, қазіргі таңда штат саны азайып қалған.
Биыл клубта 4 адам жұмыссыз қалды. Себебі штат саны қысқарды. Соның бірі — менің жолдасым. Ауылымызға қазір газ құбыры тартылып жатыр. Ауызсу бар, алайда интернет жоқ. Сондай-ақ жолдың да мәселесі шешілмей келеді. Ауылымыз аудан орталығы — Қарауылкелдіден 240 шақырым қашықтықта орналасқан. Орталыққа барып-келуіміз мұң, себебі жол сапасы нашар. Осыған дейін Миялы мен Оймауыттың арасындағы 30 шақырым жолға грейдер жол төселген. Алайда оның да сапасы көңіл көншітпейді. Қыс айларында тіпті қиын. Ауылымыз шалғайда орналасқандықтан, мұнда шенеуніктер көп келмейді. Былтыр облыс әкімі Асхат Шахаров келген, оған да жағдайымызды айтып, мектептің құрылысы тоқтап қалғанын жеткіздік. Облыс басшысы бұл мәселе шешілетінін айтқан-ды. Алайда бір жылда ешқандай өзгеріс болған жоқ, - дейді ауыл тұрғыны.
Бүгінде оймауыттықтардың дені мал шаруашылығымен айналысады. Ауылда жұмыссыздар саны аз. Барлық үйде ауызсу бар. Ал жыл соңына дейін тұрғындардың барлығы газбен қамтылатын болады.
Ауыл әкімі Қуанышбек Қоңқаевтың айтуынша, мұнда қазір 800-ге жуық тұрғын тұрады. Биыл 120 балаға арналған орта мектепте 156 бала оқып шыққан. Ал жаңа мектептің жобасы 150 балаға шақталған.
Мен осы ауылда он жылдан бері әкім болып қызмет етіп келемін. 2023 жылы халықтың қалауымен қайта сайландым. Ауылымызда жағдай жақсы. Барлық әлеуметтік нысан бар. Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік саласы дамып келеді. Тек басты мәселе — мектеп пен клубтың ескіргені. Осыдан 4 жыл бұрын жаңа мектеп құрылысының құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау бойынша "Абай-Б" мекемесі жауапты деп танылды. Құрылыс жұмыстары 2021 жылдың желтоқсан айында басталды. Алайда мердігер ұйым жосықсыз деп танылып, бүгінде жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізілуде. Алайда нысанның қашан пайдалануға берілетіні белгісіз, - дейді ол.
Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаевтың айтуынша, аталған нысанға 2021 жылы 3 желтоқсанда құрылыс жұмыстарын бастау туралы рұқсаттама алынған. Алайда құрылыс жұмыстары жүргізілмеуіне байланысты басқарма тарапынан мердігер мекемені жосықсыз жеткізуші деп тану және аванс сомасын қайтару үшін сотқа талап-арыз берілген. Сот шешіміне сәйкес 126 млн теңге аванс сомасын қайтаруға шешім қабылданған. Осылайша мердігер мекеме "Абай-Б" ЖШС-мен келісімшарт бұзылған.
Қазіргі таңда мектептің жобалық-сметалық құжаттамасына түзету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сараптама қорытындысы биылғы жылдың ІІІ тоқсанында шығуы керек, - дейді басқарма басшысы.
Кешен құрылысы қашан жанданады?
Әйтеке би ауданы Темірбек Жүргенов ауылындағы 150 адамға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы 2018 жылы басталған. Содан бері аудан тұрғындары нысанның қолданысқа берілуін күтіп жүр.
Жаңа нысан құрылысының басталғанына қуанып едік. Алайда бірнеше жыл болды, әлі күнге дейін жұмыстар аяқталмай келеді. Құрылысы биыл жалғасады деп еді. Дегенмен кешен маңында құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан құрылысшылар көрінбейді, - дейді аудан тұрғыны Болатбек Айболат.
Әйтеке би ауданы әкімінің орынбасары Қанат Меңдіғараның айтуынша, аталған жобаның жалпы құны – 1 млрд 400 млн теңге. Мердігер компания – "АСТ-Технология" ЖШС. Құрылыс жұмыстарын аяқтау үшін аталған нысан аудан әкімдігіне тапсырылған. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамасына қайта түзету жұмыстары жүргізіліп, сараптама қорытындысы алынған. Жақын күндері құрылыс жұмыстары қайта жанданады.
Осы аптада құрылысшылар келіп, жұмысына кіріседі. Нысан келер жылдың күз айларында қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Жобаны жүзеге асыруға 154 миллион теңге облыстық бюджеттен берілді. Мұнда бассейн, жаттығу залдары, спорт зал және арнайы кабинеттер болады, - дейді ол.
Айта кету керек, бүгінде аудан орталығы Темірбек Жүргенов ауылында 7 мың адам тұрады.
7 жыл күткен мектеп биыл ашыла ма?
Шилісай ауылының тұрғыны Гүлбану Жалғасова отбасында 4 бала тәрбиелеп отыр. Үлкені былтыр мектепке барды. Ол балаларын жаңа мектепке бергісі келеді. Алайда мектеп құрылысы бірнеше жылдан бері аяқталмай келеді.
Бұл мектептің құрылысы “жыр” болды. Қаншама жыл болса да қолданысқа берілмей отыр. Қазір ауылымызда жылдан-жылға тұрғындар саны артуда. Барлық отбасы балаларын жақын жерден жаңа мектепке оқуға бергісі келеді. Алайда мектеп құрылысы аяқталмаған соң, балаларымызға жақын жердегі ауылдарда орналасқан мектептерге қатынауға тура келіп отыр, - дейді ол.
Аталған мектептің құрылысы 2018 жылдың сәуір айында басталған. Содан бері әлі күнге дейін құрылысы аяқталмай тұр. 2021 жылы аталған оқу орны Ақтөбе қалалық құрылыс бөлімінен облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының теңгеріміне берілген. Бүгінде аталған басқарма құрылыс жұмыстарына жауапты.
Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаевтың айтуынша, 2018 жылдан бері қарай құрылыс материалдарының күрт қымбаттауына байланысты мектептің жобалық-сметалық құжаттамасына түзету жұмыстары жүргізілген.
Мердігер мекеме “НСК-Строй Баланс” жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 1 435 840,0 мың теңгеге келісімшарт жасалды. Техникалық қадағалаушы ұйым — “DS&V” серіктестігі, ал авторлық қадағалаушы — “Алстройпроект” мекемесі. 2023 жылы бұл жоба бойынша аталған серіктестікпен 1 775 871,0 мың теңгеге қосымша келісімшарт жасалды. Бүгінде нысанның құрылыс жұмыстарының 95 пайызы бітіп тұр. Қазіргі таңда облыстық бюджеттен құрылыс жұмыстарын аяқтауға 100 000,0 мың теңге қаражат бөлініп, конкурстық рәсімдер әзірленуде,- дейді ол.
Басқарма басшысы нысанды алдағы оқу жылына пайдалануға беру жоспарланып отырғанын жеткізді. Дегенмен жаңа оқу жылының басталуына бір ай ғана қалғанын ескерсек, бұл жобаның тағы кейінге шегерілетін түрі бар. Ал шилісайлықтар жаңа оқу жылында балаларының жаңа мектепке баруына үміттеніп отыр.
Ержан Мұздыбаевтың айтуынша, бұл нысандардың барлығының құрылысы жосықсыз мердігерлердің кесірінен ұзаққа созылып отыр. Әйтпесе жыл сайын облыста жоспарға сай құрылыстар мерзімінде салынып, пайдалануға берілуде. Мәселен, өткен жылы өңірде жаңа нысандар құрылысына облыстық бюджеттен 52,6 млрд теңге қаржы бөлінген. Жыл соңында оның 96,4 пайызы немесе 50,7 млрд теңгесі игерілген.
Былтыр өңірімізде білім беру нысандары бойынша 66 жобаға 11,1 миллиард теңге қаржы бөлініп, оның 10,2 миллиард теңгесі игерілді. 56 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, 33 нысан пайдалануға берілді. Қалған 23 нысанның құрылысы ауыспалы жоба ретінде 2025 жылы жалғасып жатыр. Сондай-ақ қосымша білім беру нысандары бойынша 2 жобаға 318,6 миллион теңге қаржы бөлініп, оның 317,6 миллион теңгесі игерілді. 2 нысан пайдалануға берілді. Атап айтсақ, олар: Қазанғап және Бадамша өнер мектептері. Бұдан бөлек, Ақтөбе облысында “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында 14 нысанның құрылысы жүргізіліп, 9 мектепке инженерлік желілер тартылды. 2025 жылға 4 нысан ауыспалы жоба ретінде қалды. Қазір олардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Жалпы, былтыр мердігер мекемемен келісімшарт бір жақты бұзылу және орындалған жұмыстар актісін ұсынбау себептерінен 939,4 миллион теңге қаржы игерілмеді, - дейді ол.
Ақтөбе облысында сондай-ақ былтыр денсаулық сақтау нысандарын салу үшін 77 жобаға 1,6 млрд теңге қаржы бөлінген. Оның 1,5 млрд теңгесі игерілген. Құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілген 44 нысанның 22-сі пайдалануға берілген. Оның ішінде “Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы аясында 21 нысанның құрылысы жүргізіліп, 10 нысан қолданысқа берілген. Қалған 11-і биылғы жылға қалған.
Орындалған жұмыстар актісін ұсынбау себебінен былтыр денсаулық сақтау саласы нысандары бойынша 75,6 млн теңге игерілмеген. Сол сияқты спорт саласы бойынша 16 жобаға — 3,6 млрд теңге, мәдениет саласы бойынша 3 жобаға — 45,2 млн теңге, әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша 2 жобаға — 198,2 млн теңге, мемлекеттік органдардың нысандары бойынша 7 жобаға — 1,6 млрд теңге бөлінген. Алайда аталған салалардың барлығында да олқылықтар тіркеліп отыр. Себебі жыл аяғында жауапты ұйымдардың жұмыс актісін ұсынбау және басқарманың мердігер мекемемен келісімшартты бұзу себебінен бюджет қаржысы толықтай игерілмеген. Осының салдарынан құрылыс жұмыстарында олқылықтар болған.
Жалпы, жоғарыда аталған нысандардың құрылысы аяқталса, облыс тұрғындарының біраз мәселесі шешілер еді. Бұл тұрғыда жауапты органдар нәтижелі жұмыс істейді деп сенеміз.