Ақтаулық жетім бала 15 жыл күткен тұрғын үй кезегінен айырылып қалған
Әкімдік берген ресми жауапта Юрийдің 2011 жылғы 9 маусымнан бастап жетім балалар санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрғаны расталған.
Ақтау қаласының тұрғыны Юрий Житников жетім бала ретінде 2011 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрғанына қарамастан, жаңа электрондық жүйеге көшу барысында өзінің деректері жоғалып кеткенін мәлімдеді. Бұл туралы Lada.kz порталы жазды.
Юрийдің айтуынша, анасы қайтыс болғаннан кейін ол мен қарындасы жетім балалар санаты бойынша тұрғын үй кезегіне қойылған. Биыл қарындасына мемлекеттен жалдамалы тұрғын үй алу мүмкіндігі туралы хабарланғанымен, өзінің аты кезек тізімінен табылмаған.
Мәселенің мән-жайын анықтау үшін ол Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне жүгінген. Әкімдік берген ресми жауапта Юрийдің 2011 жылғы 9 маусымнан бастап жетім балалар санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрғаны расталған.
Алайда 2025 жылдан бастап тұрғын үй кезегін жүргізуге жауапты «Отбасы банк» жаңа ақпараттық жүйесінде Юрийге қатысты ешқандай мәлімет жоқ екенін хабарлаған. Банк өкілдері бұл мәселені шешу үшін әкімдікке немесе сотқа жүгінуге кеңес берген.
Кейін әкімдікке қайта жүгінгенде, жергілікті атқарушы орган оның бұрын кезекте тұрғанын тағы да растағанымен, құқықтарын қалпына келтіру үшін сотқа жүгіну қажеттігін айтқан. Осылайша, бір мемлекеттік орган азаматтың кезекте тұрғанын растаса, екіншісі оның деректері жаңа жүйеде жоқ екенін көрсетіп отыр.
Қазір 27 жастағы Юрий отбасымен бірге жалдамалы пәтерде тұрады, екі баланы тәрбиелеп отыр. Сонымен қатар оған III дәрежелі сенсорлық есту қабілетінің төмендеуі диагнозы қойылған.