Ақтауға достық сапармен ресейлік кеме келді

Ресей Федерациясының делегациясы Ақтауға «Расул Ғамзатов» шекаралық патрульдік кемесімен үш күндік достық сапармен келді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оркестрдің қатысуымен салтанатты шара ұйымдастырған қазақстандық шекарашылар әріптестерін құшақ жая қарсы алып, қонақтарды дәстүрлі ұлттық тағамдар – шұбат пен бауырсақтан дәм таттырды. Сапар аясында Қазақстан мен Ресей шекара ведомстволары делегацияларының бірлескен отырысы өтті.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің делегациясын Маңғыстау департаменті бастығының бірінші орынбасары, 1-ші дәрежелі капитан Данияр Малчубаев басқарды. Ресей тарапынан Ресей ФСБ Шекара басқармасының Дағыстан Республикасы бойынша орынбасары контр-адмирал Алексей Алексеев қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – мемлекеттік шекараның Қазақстан-Ресей учаскесін келісілген күзету бойынша жүзеге асыру және Каспий теңізінде кеме қатынасы үшін қолайлы жағдай жасау. Жұмыс кездесуі барысында тараптар бірлескен жедел-профилактикалық іс-шаралардың бірінші кезеңінің қорытындысын шығарды және екінші кезеңге жоспарлауды жүзеге асырды. Браконьерлікпен күрестің өзекті мәселелерін талқылап, алдағы уақыттағы мақсаттарды белгіледі.

Ресми кездесуден басқа сапар аясында мәдени-демалыс шаралары да болды. Қонақтарға жергілікті мұражайларға экскурсиялар ұйымдастырылып, Каспий теңізінің жағалауындағы көркем жерлер көрсетілді. Ресейлік шекарашылар өлкенің тарихымен танысып, Қазақстанның бай мәдени мұрасымен танысты. Спорттық бағдарлама да одан кем болмады. «Мұнайшы» стадионында кемелердің экипаждары футболдан жолдастық кездесу өткізіп, онда Қазақстан құрамасы жеңіске жетті.

Шара соңында Қазақстан мен Ресейдің шекаралық кемелері мемлекеттік шекараны қорғауды жақсартуға және теңіз қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен оқу-жаттығу өткізді. Кемелердің экипаждары біртұтас күштер тобының құрамында бірлескен іс-қимылдарды жаттықтырды және бірыңғай басқару органының басшылығымен жедел-тактикалық есептерді жүргізді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: baq.kz
Өзгелердің жаңалығы