Ақтауды құм мен шаң басты: Қала көшелерінде жүру қиындады
Қатты желден көтерілген шаң мен құм айналаны басып, көрінуді төмендетті. Синоптиктер бұған дейін өңірде жел күшейетінін ескерткен.
Ақтауда қатты жел тұрып, қала көшелерін шаң мен құм басты. Тұрғындар ауадағы қалың шаң салдарынан көріну деңгейінің күрт төмендегенін айтып, әлеуметтік желілерде кадрлар жариялап жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қалада желдің күшеюі ғимараттар мен жолдардың шаң басуына себеп болған. Қалың шаң жаяу жүргіншілердің қозғалысын да қиындатқан.
Бұл жағдай Маңғыстау өңірінде жел күшейетіні туралы болжаммен тұспа-тұс келіп отыр. «Қазгидромет» мәліметінше, 8 қыркүйекте Ақтауда батыстан жел соғып, оның жылдамдығы секундына 15-20 метрге, екпіні 23-25 метрге дейін жетуі мүмкін. Түнде жаңбыр мен найзағай да күтіледі.
Маңғыстау облысында да желдің күшеюі болжанған: кей жерлерде оның екпіні 23-28 м/с-ке дейін жетуі мүмкін.
Мамандар мұндай ауа райында тұрғындарға жолда аса сақ болуға, қажетсіз жағдайда далада ұзақ жүрмеуге және жүргізушілерге көріну деңгейінің төмендеуін ескеруге кеңес береді.