Бүгiн 2026, 16:16 Фото: pixabay.com

Ақтаудан Батумиге тікелей рейс ашылды

Жаңа бағыт бойынша рейстер аптасына екі рет орындалады, ал алғашқы рейс жолаушыларға толық дерлік толған.

Батыс Қазақстан тұрғындары үшін Грузияның ең танымал курорттық қалаларының біріне жету бұрынғыдан да жеңілдей түсті. FlyArystan лоукостері Ақтау – Батуми бағыты бойынша алғашқы тікелей рейсін орындады.

Бұл туралы әуе компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.

Ұшақ 6 маусым күні таңертең Ақтаудан ұшып шығып, 1 сағат 50 минуттан кейін Батумиде қонды. Алғашқы рейстің жолаушыларға толық дерлік толуы қазақстандықтардың жаңа бағытқа қызығушылығы жоғары екенін көрсетті.

Жаңа бағыттың ашылуы Ақтау және Батуми әуежайларында өткен мерекелік шаралармен атап өтілді. Оған әуежай өкілдері, әуе компаниясының серіктестері мен қонақтар қатысты. Ақтау әуежайында алғашқы рейстің жолаушыларын арнайы қарсы алу бағдарламасы, тәтті дәмдер мен естелік сыйлықтар күтіп тұрды. Ал Батумиге қонғаннан кейін FlyArystan ұшағы дәстүр бойынша су аркасымен қарсы алынды. Сондай-ақ жолаушылар мен экипаж мүшелері үшін мерекелік торт кесу рәсімі мен естелік фотосессия ұйымдастырылды, – деп мәлімдеді әуе компаниясы.

Ақтау мен Батуми арасындағы рейстер аптасына екі рет – сейсенбі және сенбі күндері орындалады. Ұшу бағдарламасы 29 тамызға дейін жоспарланған.

Таңғы уақытқа қойылған кесте туристер мен іссапармен баратын жолаушыларға сапарларын ыңғайлы жоспарлауға мүмкіндік береді.