Ақтаудағы тұрғын үйде болған жарылыс: "QAZAQGAZ AIMAQ" түсініктеме берді
Ақтау қаласындағы тұрғын үйдің жертөлесінде болған жарылыстан кейін "QAZAQGAZ AIMAQ" АҚ Маңғыстау өндірістік филиалы оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Компания өкілдері жарылыстың себептерін анықтау барысында тұрмыстық газдың ағуы ықтимал нұсқалардың бірі ретінде қарастырылып жатқанын растады.
Филиалдың бас инженері Әли Юсуповтың айтуынша, жарылыс болған үйдің маңынан шамамен 8 метр қашықтықта орташа қысымды газ құбыры өтеді, ол арқылы тұтынушыларға газ жеткізіледі. Алайда "QAZAQGAZ AIMAQ" балансында дәл осы тұрғын үйге тиесілі газ құбырлары жоқ.
Қазір сарапшылар жарылыстың бірнеше нұсқасын, соның ішінде тұрмыстық газдың ағып кетуін қарастыруда. Бұл үйде газ бар, қасбеттік құбырлар тартылған және орташа қысымды жерасты құбыры өтеді. Бірақ бұл желілер жеке тұлғаның немесе құрылыс компаниясының, не ПИК-тің балансында болуы мүмкін, - деді Әли Юсупов.
Компания өкілдері "Газ және газбен жабдықтау туралы" ҚР Заңына сәйкес, газ жүйелерінің иелері аттестатталған компаниялармен техникалық қызмет көрсету жөнінде келісімшарт жасауға міндетті екенін еске салды.
Еске салайық, 28 қазан күні таңертең Ақтаудағы көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесінде жарылыс болып, бес адам зардап шекті. Алдын ала болжам бойынша, жарылысқа газ-ауа қоспасының тұтануы себеп болған. Оқиға бойынша өрт қауіпсіздігін бұзу дерегімен қылмыстық іс қозғалды.