23 Қараша 2026, 02:22
Фото: pexels.com
Ақтаудағы тойда жанжал шығып, алты адам ұсталды
Алты адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Ақтауда шағын аудандардың бірінде бірнеше полиция көлігінің жиналғаны түсірілген видео әлеуметтік желіде таралып, тұрғындарды алаңдатты. Белгілі болғандай, полицияны шақыруға той үстіндегі төбелес себеп болған, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz басылымына сілтеме жасап.
Полицияға шақырту 21 қарашадан 22 қарашаға қараған түні түскен. 31Б шағын ауданындағы мейрамханалардың біріне барған тәртіп сақшылары той кезінде қонақтар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқанын анықтады.
Төбелеске қатысқандар анықталып, ұсталды және қалалық полиция басқармасына жеткізілді. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алты адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, бұл оқиғаға байланысты медициналық көмекке жүгінгендер болмаған.