Бүгiн 2026, 16:07 Фото: Lada.kz

Ақтаудағы "қорқынышты пәтер": Қабырғада қаптаған тарақандар жұртты шошытты

Әлеуметтік желіде тараған видео тұрғындарды дүрліктірді. Жүздеген тарақан басқан пәтерге қатысты әкімдік түсініктеме беріп, шұғыл шара қабылдады.

Ақтаудағы пәтердің қабырғаларын қаптаған тарақандар тұрғындарды шошытты. Әлеуметтік желіде тараған видео қызу талқыланып, жергілікті билік пен санитарлық қызмет өкілдері жағдайға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Lada.kz жазды.

Оқиға Ақтаудың 9-шағынауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде болған. Видеода асүй қабырғалары мен жиһаздарды жүздеген жәндік басып қалғаны көрінеді. Кадр сыртындағы ер адам өзін ПИК сантехнигі ретінде таныстырып, жағдайды құзырлы органдарға көрсету үшін түсіріп жатқанын айтады.

Болжам бойынша, пәтер иесі жәндіктердің бөлмедегі ашық штроба арқылы тарағанын айтқан.

Желі қолданушылары тарақандардың көрші пәтерлерге де тарап кетуі мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдірді. Өйткені мұндай жәндіктер желдету жүйелері, инженерлік коммуникациялар мен қабатаралық саңылаулар арқылы тез таралады.

Жағдайға қатысты пікір білдірген санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласының сарапшысы, Ақтау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бұрынғы басшысы Асима Жарылғасованың айтуынша, қазіргі кезде мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет тұрғын үйлердегі жеке пәтерлердің жағдайына бақылау жүргізбейді.

Тұрғын үй санитариялық-эпидемиологиялық қызмет құзыретінен шығарылған. Дегенмен мұндай жағдайларды назардан тыс қалдыруға болмайды. Әртүрлі қызмет мамандары бірлесіп, тиісті шаралар қабылдауы қажет, – деді ол.

Сарапшы жәндіктердің жаппай көбеюі тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіріп, санитариялық ахуалды нашарлатуы мүмкін екенін атап өтті.

Видео жарияланғаннан кейін Ақтау қаласының әкімдігі аталған жағдайға түсініктеме берді. Қала әкімдігінің мәліметінше, оқиға шамамен бір апта бұрын тіркелген.

Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің ақпараты бойынша, пәтер иесі ауыр әлеуметтік жағдайда өмір сүреді және алкогольдік ішімдіктерді шамадан тыс тұтынады. Пәтерде санитариялық тазалау жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта жағдай тұрақты, – деп хабарлады әкімдік.

Ал Маңғыстау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғын үй ішіндегі дезинсекция жұмыстарын ұйымдастыру жауапкершілігі пәтер иесіне жүктелетінін түсіндірді.

Ведомство мәліметінше, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 107-бабына сәйкес, тұрғын үй иесі өз қаражаты есебінен профилактикалық іс-шараларды тұрақты жүргізуге, қажет болған жағдайда дезинфекция, дезинсекция және дератизация жұмыстарын ұйымдастыруға міндетті.

Әкімдік проблемалы пәтерде тазалау жұмыстары жүргізілгенін мәлімдегенімен, жәндіктердің таралу ошағы толық жойылды ма және мәселе көрші пәтерлерге әсер етті ме деген сұрақ әзірге ашық күйінде қалып отыр.

Еске салсақ, бұған дейін маман тұрмыстағы қателіктерді атап, тарақандар үйге қайдан кіретінін түсіндірген еді.

Тағы оқи отырыңыз: Қостанайдағы "қымбат" кофе: Тұтынушы жәндігі бар сусын үшін 100 мың теңге "алды" 

Кәмпиттен жәндік тапқан әйел 2 миллион теңге өтемақы талап етті – сот шешімі қандай?