Бүгiн 2026, 20:55 Фото: pixabay.com

Ақтаудағы көпқабатты үйді тышқан басты: Санэпидқызмет мәлімдеме жасады

Облыстық және қалалық әкімдіктерге алдын алу жұмыстарын жүргізу қажеттігі туралы хат жолданған.

Ақтауда санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары 4-шағынаудандағы көпқабатты үйлердің бірінде бір айдан астам уақыттан бері жалғасып жатқан кеміргіштер мәселесіне қатысты тұрғындардың шағымына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Маңғыстау облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, дезинфекция, дезинсекция және дератизация жұмыстарын жүргізу мәселелері «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекспен реттеледі.

Ведомство өкілдерінің түсіндіруінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес профилактикалық шараларды, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша атқарылатын жұмыстарды жеке және заңды тұлғалардың өздері жүргізуге міндетті.

Ал профилактикалық дезинсекция мен дератизацияны ұйымдастыру жергілікті атқарушы органдардың – әкімдіктердің құзыретіне жатады.

Дезинфекция, дезинсекция және дератизация жұмыстарын тиісті лицензиясы бар мамандандырылған ұйымдар жүргізеді. Мұндай мекемелердің тізімі департаменттің ресми ақпараттық ресурстарында жарияланған, – деп мәлімдеді санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі.

Сондай-ақ облыстық және қалалық әкімдіктерге кеміргіштерге қарсы профилактикалық жұмыстарды жүргізу қажеттігі жөнінде хаттар жолданғаны айтылды.