Ақтаудағы балалар өлімі: Бас санитар дәрігер оқиғаға қатысты тың деректі айтты

Денсаулық сақтау вице-министрі-бас мемлекеттік санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова Ақтаудағы көршісі қандаланы улағаннан көз жұмған екі баланың өліміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазіргі уақытта эпидемиологиялық тексеріс жүргізіліп жатыр. Алдын ала қорытындыға сәйкес, пәтер иесі дезинфекциялық жұмыстарды өздігінен жүргізген, нарықтағы дезинфекция жасайтын құралдары сатып алып, оны шашқан соң отбасын алып, кетіп қалған. Улы зат желдету жүйесімен таралып, сол үйде тұрған көршілеріне дейін жеткен. Қазір қылмыстық із қозғалды, - деп жауап берді бас санитар дәрігер елордада өтіп жатқан МСАК бойынша жаһандық конференцияның кулуарында берген сұхбатында.

Айтуынша, соңғы 3-4 жылда зиянкестерді улайтын удан адамдардың қайтыс болу жағдайлары көбейген.

Сондықтан елімізде зиянкестерді улаумен айналысатын ұйымдардың қызметін лицензиялық реттеу механизмі енгізілу жоспарланып отыр.

Биоқауіпсіздік туралы заңның аясында келесі жылдан бастап дезинфекциялау, дератизациялау жұмыстарымен айналысатын барлық ұйым мен тұлғалар лицензиядан өтетін болады. Яғни ондай жұмыстарды жүргізу үшін лицензия алулары шарт. Азаматтарға улайтын құралдарды сатып алмас бұрын мемлекеттік тіркеу туралы куәлік пен бұйрықты сұрауға кеңес беремін. Ондай жұмыстарды нұсқаулықты оқыған соң барып жүргізу керек. Бәрінен де дұрысы – дезинфекция, дератизация жүргізетін мамандардың қызметіне жүгіну. Мұндай жұмыстарды үйде өздігінен жүргізу қауіпті. Бұрын зиянкестерді улаумен айналысатын ұйымдардың қызметі реттелмеген. 2007 жылға дейін ондай реттеу болғанымен, кейін күшін жойды, - деді Айжан Есмағамбетова.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтауда көршісі қандалаға дәрі сепкен соң көршісінің екі кішкентай баласы қайтыс болғаны туралы жазған едік.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы