Ақтауда жылу желілерін цифрлық бақылау жүйесі іске қосылды
Жүйе автоматтандырылған жылу бекеттері арқылы құбырлардың жай-күйін онлайн бақылауға мүмкіндік береді.
Соңғы екі жылда Ақтау қаласында жалпы ұзындығы 44 шақырым жылу желісі жаңғыртылды. Оның ішінде 22 шақырым магистральдық және 10,2 шақырым ішкі құбыр ұлттық жоба аясында қайта жаңартылған.
Қазір №4 және №5 шағын аудандарда ұзындығы 28,3 шақырым жылу желісі ауыстырылып жатыр. Құрылыс-монтаждау жұмыстары «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша жүргізілуде. Жобаны келесі жылдың жылыту маусымына дейін аяқтау жоспарланған.
Сонымен қатар аудандарда қуаттылығы 29 мегаваттық автоматтандырылған жылу станциясы салынуда. Ол МАЭК-тен берілетін жылудың тұрғын үйлерге біркелкі әрі тұрақты жеткізілуін реттейді.
Жылу желілерінің жұмысын бақылау үшін биыл «Каспий жылу, су арнасы» мекемесінде цифрлық басқару орталығы іске қосылды. Жүйе автоматтандырылған жылу бекеттері арқылы құбырлардың жай-күйін онлайн бақылауға мүмкіндік береді.
Бұған дейін, 2025-2026 жылдары қаланың төменгі бөлігіндегі №3А және №3Б шағын аудандарда 10,2 шақырым жылу желісі жаңартылған. Жаңа жоба аясында бұрын қолданылған екі құбырлы жүйенің орнына төрт құбырлы жүйе енгізіліп жатыр.