Ақтауда жас матростар әскери ант қабылдады

Отан қорғаушылар күні қарсаңында Әскери-теңіз күштерінің жас матростары ант қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биылғы көктемде Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Алматы және Жетісу облыстарынан шақырылған 170-тен астам жас Отанына адал болуға ант берді.

Іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, әскери бөлімдердің командирлері, Әскери-теңіз күштерінің офицерлері мен старшиналары, ардагерлер, жас матростардың туыстары мен жақындары қатысты.

Әскери-теңіз базасының командирі 2 дәрежелі капитан Бауыржан Мұратұлы жас жауынгерлерге қызметте табыс тіледі. Ол сондай-ақ алыстан ат арытып келген ата-аналарға алғыс білдірді.

Біз осы бір жауапты сәтті балаларымызбен бірге бөлісу үшін арнайы келдік. Ұлдарымыздың әскери борышын абыроймен орындап, үйлеріне аман-есен оралуын тілеймін, – деді Павлодар облысынан келген Құлзан Қалқанқызы.

Жас матростар қонақтарға қоян-қолтық ұрыс элементтері мен саптық дайындық әдістерін көрсетті.

Енді әскери теңізшілер бірнеше айға созылатын оқудан соң десанттық-шабуылдау батальонының, коменданттық ротаның және әртекті кемелер дивизионының бөлімшелеріне жіберіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі
Өзгелердің жаңалығы