10 Қараша 2026, 11:39 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Ақтауда жарықтың сөнуінен тоңазытқышы жанып кеткендердің шығынын кім өтейді?

Ақтаудағы электр сымының үзілуіне жаңбыр мен су басу себеп болған.

Ақтауда электр жарығының үзілуінен тұрмыстық техникасы істен шыққан тұрғындар облыс әкімдігіне жүгінуі керек. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында журналистер Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтен электрмен жабдықтаудағы ақаудың себебін және жауапкершілік қай мекемеге жүктелетінін сұрады.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтауда бірнеше үйдің тұрғындары электр жарығының жиі өшуіне байланысты жолды жауып, наразылық білдірген болатын.

Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, Ақтауда жауған жаңбыр салдарынан жоғары вольтты электр сымы үзілген. Алайда учаскені су басуына байланысты апат орнына жету қиындаған.

Ақтауда жаңбыр жауып, жоғары вольтты сым үзілген. Учаскені су басқандықтан, үзілген сымға жету қиын болды. Жаңа сым жеткізіліп, ауыстырылды. Апат шұғыл түрде жойылды, – деп жауап берді министр.

Оның сөзінше, оқиғаға кімнің жауапты болғанын Маңғыстау облысының әкімдігі анықтауы керек. Атап айтқанда, зақымданған учаскеге қай ұйым қызмет көрсеткені және оның міндетіне кім жауап бергені қарастырылады.

Брифингте журналистер электр жарығының үзілуінен тоңазытқышы мен басқа да тұрмыстық техникасы істен шыққан тұрғындарға келтірілген шығынды кім өтейтінін де сұрады.

Министр зардап шеккен тұрғындарға әкімдікке жүгінуге кеңес берді.

Зардап шеккен барлық тұрғынға әкімдікке жүгінуге кеңес беремін. Жауапкершіліктің аражігін түсіндіре кетейін. 220–500 кВ жоғары вольтты желілер Энергетика министрлігінің қарауында. Ал 110 кВ, 35 кВ және 0,4 кВ-қа дейінгі төмендеткіш желілер жергілікті атқарушы органдардың, соның ішінде өңірлік электр желілік компаниялардың құзыретіне кіреді, – деді Ерлан Ақкенженов.

Министрдің түсіндіруінше, өңірлерді электрмен жабдықтау мәселелері жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігіне жатады. Сондықтан Ақтаудағы жағдайға байланысты тұрғындар облыс әкімдігіне өтініш білдіруі керек.