Бүгiн 2026, 12:11 Фото: Lada.kz

Ақтауда жағажай маңындағы қоқыс үйіндісі туристердің шағымынан кейін жойылды

Тазалау жұмыстары барысында аумақтан шамамен 30 тонна қоқыс шығарылды.

Ақтауда демалыс орындарының біріне жақын маңда пайда болған заңсыз қоқыс үйіндісі қоғамдық резонанстан кейін жойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, аумақты тазалауға арнайы техника жұмылдырылған. Жұмыс барысында шамамен 30 тонна қоқыс шығарылған.

Атқарылған жұмыстарды растау үшін билік фотоесеп жариялаған – суреттерден аумақтың толық тазартылғаны көрінеді.

Бұған дейін бұл мәселеге Қарағандыдан келген туристер назар аударған. Олардың айтуынша, Қаракөл көлі маңында демалып жүрген кезде «Tree of Life» демалыс базасының жанынан ірі заңсыз қоқыс үйіндісін байқаған.

Аумақ тұрмыстық және құрылыс қалдықтарына толы болған, оның ішінде пластик, шыны және автокөлік шиналары да болған. Бұл жағдай демалушылардың наразылығын туғызған.