Ақтауда TurkicSkills-2025 кәсіби шеберлік халықаралық чемпионаты басталды
Ақтау қаласында Жұмысшы мамандықтары жылы аясында алғашқы халықаралық кәсіби шеберлік чемпионаты TurkicSkills 2025 басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Чемпионаттың ұйымдастырушылары - Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі, Маңғыстау облысының әкімдігі, оператор - «Talap» КеАҚ.
TurkicSkills бастамасы Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаннан кейін қолға алынды. Оның маңыздылығын WorldSkills International ұйымының шешімі растады, бұл чемпионаттың халықаралық беделін айтарлықтай арттырды.
TurkicSkills – түркітілдес мемлекеттері жастарын бір арнаға тоғыстыратын халықаралық алаң. Мұнда дағдылар экономикалық даму, инновация және бірліктің қозғаушы күші ретінде көрініс табады. Сайыстар WorldSkills стандарттары мен бағалау жүйесі негізінде өтеді деп жоспарланған.
Чемпионатқа 7 елден – Әзербайжан, Венгрия, Қырғызстан, Қазақстан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстаннан 70-ке жуық конкурсант пен 90 сарапшы қатысады.
Жас мамандар өз шеберліктерін 10 құзыреттілік бойынша көрсетеді. Олардың қатарында: IT-шешімдер, веб-технологиялар, графикалық дизайн, дәнекерлеу технологиялары, аспаздық іс, электрмонтаж жұмыстары және басқа да сұранысқа ие бағыттар бар.
TurkicSkills аясында іскерлік бағдарлама, білім беру және индустриялық тәжірибе көрмесі, мәдени іс-шаралар мен жастарға арналған нетворкингте өтеді.
TurkicSkills 2025 чемпионаты – жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, түркітілдес елдердің жастары арасындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту, аймақтың кадрлық және сарапшылық әлеуетін нығайту, Қазақстанның кәсіби шеберлік орталығы ретіндегі халықаралық имиджін қалыптастыру.