Ақтауда тұрғындар жарықтың жиі өшетініне шағымданды

Ақтаудың 20-шағын ауданында орналасқан «Кербез» тұрғын үй кешенінің тұрғындары коммуналдық қызметтердің жиі үзілуіне наразылық білдіріп, жолды уақытша жауып тастады, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиға 8 қаңтар күні тіркелген. Тұрғындардың айтуынша, кешенде жылыту мен электр энергиясы тұрақсыз беріліп, мәселе ұзақ уақыттан бері шешілмей келеді. Сонымен қатар қоқыс уақытылы шығарылмайды, басқарушы компаниямен байланысты проблемалар да сақталған.

Біздің үйде жылыту тек электр энергиясы арқылы жұмыс істейді. Жарық өшкен сәтте пәтер бірден суып кетеді. Әсіресе, кішкентай балалары бар отбасылар үшін өте қиын. Кейбір тұрғындар уақытша басқа жерге көшуге мәжбүр болды. Бірнеше рет шағымдандық, бірақ нақты шешім жоқ, - дейді кешен тұрғындары.

Мәселеге назар аударту мақсатында тұрғындар жолды жауып, наразылық акциясын өткізген. Полиция департаментінің хабарлауынша, оқиға орнына жедел жеткен қызметкерлер тұрғындарды жол жиегіне шығарып, көлік қозғалысы қысқа уақытта қалпына келтірілген.

Ақтау қаласының әкімдігі жағдайға қатысты түсініктеме берді. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, тұрғын үй кешенінде электр энергиясының үзілуіне жерасты электр желілеріндегі техникалық ақаулар себеп болған.

Қазіргі уақытта мамандар кабель желілерін тексеріп, зақымдалған учаскелерді анықтау және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ақаулы элементтер жөнделіп, ауыстырылуда.

Қала әкімшілігінің мәліметінше, 8 қаңтар күні құрылыс салушы уақытша қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, электрмен жабдықтауды қайта қосқан. Алайда кейінгі тексеру барысында қосымша ақаулар анықталып, кешенді жөндеу үшін электр энергиясы қайта ажыратылған.

Құрылыс салушы кешенді резервтік электр желілеріне қосып, тұрғындарды уақытша жарықпен қамтамасыз еткен. Ал негізгі желілердегі ақауларды толық жою жұмыстары алдағы күндері жалғасады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы