1 Маусым 2025 2025, 22:53 Фото: Скриншот

Ақтауда тегін балмұздақ таратқан кәсіпкер жазаланды

Ақтауда рұқсатсыз ұйымдастырылған қайырымдылық акция қоғамдық тәртіп бұзуға әкеліп, кәсіпкерге айыппұл салынды.

Ақтауда рұқсатсыз ұйымдастырылған қайырымдылық акциясы қоғамдық тәртіп бұзуға әкеліп, кәсіпкерге айыппұл салынды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақтау қалалық әкімдігіне сілтеме жасап.

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Ақтау қаласындағы 29-шағынауданда "Abu Baby" балалар киім дүкені азық-түлік пен сыйлықтарды тегін тарату бойынша іс-шара ұйымдастырды. Алайда бұл акция алдын ала ескертілмеген және жергілікті атқарушы органдармен келіспестен өткізілген.

Нәтижесінде көптеген адам жиналып, қоғамдық тәртіп бұзылып, қала тұрғындары арасында шиеленіс туындады, – деп мәлімдеді әкімдік өкілдері.

Акция аясында таратылған тегін балмұздақ пен сыйлықтар жұртты жаппай жинауға себеп болды. Куәгерлердің айтуынша, кей жерлерде тәртіпсіздік пен бейберекет кезек орын алған.

Іс-шараны заңсыз өткізген кәсіпкерге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 488-1-бабына сәйкес 20 АЕК (78 640 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салынады. Бұл бап жария іс-шараны хабарламай немесе рұқсатсыз өткізгені үшін жауапкершілікті қарастырады.

Ақтау қаласының әкімдігі азаматтардың жаппай қатысуымен өткізілетін барлық іс-шаралар – қайырымдылық акциялары, қоғамдық орындарда тегін өнім тарату және тағы басқалары – міндетті түрде жергілікті әкімдікпен алдын ала келісуі тиіс екенін ескертті.

Мұндай іс-шаралар тек заң аясында ұйымдастырылуы тиіс. Әйтпесе, мұның соңы қоғамдық тәртіптің бұзылуына алып келуі мүмкін, – дейді шенеуніктер.