2 Тамыз 2026, 16:52 Фото: istockphoto.com

Ақтауда тамыздың соңына дейін ыстық су берілмейді

Магистральдық құбырдағы жөндеу жұмыстары аяқталмағандықтан, «МАЭК» ыстық суды беру мерзімін тағы кейінге шегерді.

Ақтау тұрғындары тамыз айының соңына дейін ыстық сусыз қалады. Магистральдық құбырдағы жөндеу жұмыстарының жалғасуына байланысты ыстық суды қайта беру мерзімі тағы кейінге шегерілді.

Мерзімнің өзгергені туралы «МАЭК» ЖШС хабарлады. Кәсіпорынның мәліметінше, магистральдық құбырдағы жөндеу жұмыстары әлі аяқталмағандықтан, ыстық суды бұрын жарияланған мерзімде беру мүмкін болмай отыр.

Құрметті Ақтау тұрғындары! Магистральдық құбырдағы жөндеу жұмыстарының жалғасуына байланысты ыстық сумен жабдықтауды қайта қосу мерзімі тамыз айының соңына ауыстырылды, – деп мәлімдеді энергетикалық комбинаттың баспасөз қызметі.

Бастапқыда қалада ыстық суды 27 маусым күні сағат 10:00-ден бастап 12 шілде күні сағат 24:00-ге дейін өшіру жоспарланған болатын. Кейін жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімі 1 тамызға дейін ұзартылды.

Енді «МАЭК» тағы бір рет мерзімнің кейінге шегерілгенін мәлімдеді. Жаңартылған кестеге сәйкес, Ақтауда ыстық су тамыз айының соңынан ерте берілмейді.