Ақтауда "СТО" өртенді: Екі жұмысшы жансақтауда, көліктер толық жанып кетті
6 ақпан күні таңертең Ақтаудың 29А шағынауданында орналасқан екі қабатты, бес бокстан тұратын автокөліктерге техникалық қызмет көрсету станциясында (СТО) ірі өрт болды, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Өрт салдарынан СТО-ның екі гараж боксы толықтай ашық жалынға оранды. Аймақтық ТЖД мәліметінше, оқиға салдарынан екі адам зардап шеккен, олардың бірі жансақтау бөлімінде жатыр.
Зардап шеккендер облыстық ауруханаға жеткізілді. Олардың бірі – 1993 жылы туған, Өзбекстан азаматы, СТО-да жұмыс істеген. Дәрігерлер оған бас, бет, тыныс алу жолдары, мойын, екі қол-аяқ, кеуде, іш және арқа бөліктерінің термиялық күйіктерін анықтаған. Дене зақымдануы шамамен 90 пайызды құрайды.
Екінші зардап шегуші де СТО қызметкері. Оның бас терісінің, беттің екі жағының, екі құлақ қалқанының, кеуденің сол жақ бөлігінің, екі қолының, екі жамбасының алдыңғы-ортаңғы бөлігінің және екі табанының күйік шалғаны тіркелді. Дене зақымдануы 25-30 пайызды құрайды. Күйік дәрежесі – II-III АБ. Сонымен қатар жоғарғы тыныс алу жолдарының ингаляциялық термиялық күйігі диагнозы қойылған.
Екі науқастың да жағдайы ауыр деп бағалануда. Олар жансақтау бөліміне жатқызылып, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
Өрт салдарынан СТО ішінде тұрған үш көлік зақымданды: Mercedes-Benz автокөлігінің қозғалтқыш бөлігі мен салоны жанып кеткен, сондай-ақ Mercedes-Benz GL 460 пен Toyota Alphard толықтай өртенген. Бұдан бөлек, сыртта тұрған Mazda 626 мен Toyota Corolla автокөліктері де зақымданған.
Өрт аумағы 150 шаршы метрді құрады. Ал СТО-ның жалпы аумағы – 600 шаршы метр.
Өрт 09:21-де оқшауланып, 10:43-те толықтай сөндірілді. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Өртті сөндіруге ТЖ бөлімшелерінен 23 қызметкер мен 4 техника, полиция департаментінен 8 қызметкер мен 4 техника, Апаттар медицинасы орталығынан 4 қызметкер мен 1 техника жұмылдырылды.