Ақтауда сирек жасалатын күрделі нейрохирургиялық ота сәтті өтті

Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында нейрохирургия саласындағы сирек әрі жоғары кәсіби шеберлікті талап ететін оксипитоспондилодез операциясы сәтті жүзеге асырылды. Күрделі хирургиялық араласу жол-көлік оқиғасы салдарынан ауыр жарақат алған науқасқа жасалды, деп хабарлайды BAQ.KZ облыстық аурухананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Науқаста одонтоидты өсіндінің (С1) және екінші мойын омыртқасының доғасының (С2) сынуы анықталған. Жарақаттың ауырлығына байланысты ол алғашқы күні клиникалық өлім жағдайына түскен. Осыған орай науқас жедел түрде жансақтау бөліміне жатқызылып, дәрігерлердің тұрақты бақылауына алынған.

Нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Думан Молдабекұлы Мырзабековтің айтуынша, С1-С2 деңгейіндегі жарақаттар өмірге аса қауіпті.

Бұл аймақта ми бағанасы орналасқан. Ол тыныс алу, жүрек соғысы, қозғалыс және сезімталдық қызметтерін басқарады. Омыртқаның осы бөлігіндегі кез келген қозғалыс жұлынның зақымдалуына және ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін, – деді бөлімше меңгерушісі.

Ота барысында С1 және С2 омыртқалары зақымдалғандықтан, бекіту желке сүйегі мен оның астындағы сау мойын омыртқалары арқылы жүргізілген. Бүйірлік массалардың шағын болуына байланысты стандартты бұрандаларды қолдану мүмкін болмаған.

Сондықтан асимметриялық және жоғары дәлдікті талап ететін бекіту әдісін қолдануға тура келді. Бұл тәсіл науқасты ерте кезеңде қозғалысқа келтіруге мүмкіндік береді, – деп түсіндірді дәрігер.

Операция сәтті өтіп, науқас отадан кейінгі алғашқы күні өкпені жасанды желдету аппаратынан ажыратылды. Ал келесі күні өздігінен жүре бастаған. Қазіргі уақытта ол аурухананың оңалту бөлімінде ем қабылдап, қимыл-қозғалысты қалпына келтіруге арналған жаттығуларды орындауда.

Айта кетейік, Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында мұндай жоғары технологиялы нейрохирургиялық оталарды жасауға толық мүмкіндік бар. Медициналық мекеме заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, сондай-ақ мұнда білікті және тәжірибелі дәрігерлер қызмет атқарады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі
Өзгелердің жаңалығы