Ақтауда шілдеде 12 жолаушы автобусы пайдалануға беріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді. 

Айтуынша, өңірде құрлық, теңіз, әуе қозғалысының барлық түрі жолға қойылған.

Ендігі мақсат осы мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, көлік және логистика әлеуетін одан әрі дамыту. Жалпы Ақтау, Құрық және Солтүстік терминал порттары арқылы 5 айда жүктерді ауыстырып-тиеу көлемі 2,6 млн тоннаны құрап, 11%-ға өсті фидерлік жүктерді ауыстырып тиеу 12,5 мың контейнерлік бірлікке жетіп, 5,8% өсті. Теңіз порттарының әлеуетін толық көлемде пайдалану үшін Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ақтау және Құрық порттары базасында контейнерлік хаб құру жоспарлануда, - деп атап өтті өңір басшысы. 

Сонымен қатар ол әуе және теміржол көліктерінің де даму қарқыны жақсы екендігін алға тартты. 

«Ақтау халықаралық әуежайы» 5 айда тасымалдаған жолаушылар саны 17,1%-ға өсті жәнетасымалданған жүк көлемі 20%-ға артты. Бүгінге Үкіметтің қолдауымен аптасына 27 бағытқа 152 әуе рейсі халықаралық және ішкі бағыттар бойынша ұшады, соның ішінде 19 бағытта 61 әуе рейсі алыс және жақын шетелдерге ұшады. Мәселен, мамыр-маусымда 6 рейс іске қосылды: Ақтау-Лондон, Ақтау-Минеральные воды, Ақтау-Екатеринбург, Ақтау-Санкт-Петербург, Ақтау-Уфа, Ақтау-Казань. Сондай-ақ, теміржол көлігі арқылы тасымалданған жолаушылар саны 42,4%-ға артты, - деді облыс әкімі. 

Ал аймақта жалпы көлік және қоймалау көрсеткіші 14,6%-ға артқан. 

Осылайша, көлік-логистика саласының барлық көрсеткіштерінде оң динамика байқалып отыр. Ақтау қаласының автобус паркін жаңарту мақсатында шілде айынан бастап 12 жолаушы автобусы ел игілігіне пайдалануға беріледі. Нәтижесінде қаланың автобус паркі 70%-дан 100%-ға дейін жаңартылады, - деді Нұрлан Ноғаев. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы