Ақтауда сауда орталығында жасөспірімдер қыз баланы жабылып ұрып кетті

Ақтаудағы Saya Park сауда-ойын-сауық орталығында бір топ жасөспірім қыз баланы соққыға жықты. Оқиғаға қатысқан барлық жасөспірім анықталып, ата-аналарымен бірге полиция бөліміне жеткізілген, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оқиға 25 қаңтар күні кешкі уақытта болған.

Куәгерлердің айтуынша, бойжеткен фотобудкада тұрған сәтте жанынан өтіп бара жатқан бір топ жасөспірім жанжал шығаруға тырысқан. Олар будкаға қайта-қайта кіріп, шымылдығын ашып, түрлі арандатушылық әрекеттер жасаған. Ақырында бұл жағдай балағат сөздерге ұласып, соңы қызды күштеп фотобудкадан шығарып алып, соққыға жығумен аяқталған.

Сауда орталығындағы ересек келушілер жәбірленушіні арашалап қалып, кейін қыз медициналық мекемеге жеткізілген.

Маңғыстау облысы Полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға қатысқан барлық жасөспірімдер анықталып, ата-аналарымен бірге полиция бөліміне жеткізілген.

Қазіргі таңда материалдар кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жолданды. Ал жасөспірімдердің біреуі профилактикалық есепке қойылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы